"Ұрыс-керістен қуат алады". Баян Алагөзова ақтөбелік емшімен тағы соттасатынын айтты
Продюсер Баян Алагөзова Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесовамен арадағы сот процестеріне қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі дау-дамаймен күресудің жалғыз жолы – заң шеңберінде әрекет ету, деп хабарлайды Politico.kz.
Баян Алагөзова бұл туралы Аман Тасығанмен болған сұқбатта әңгімеледі.
Продюсер әлеуметтік желілердегі сөз таластырудың тиімсіз екенін және мұндай әрекеттердің нәтиже бермейтінін атап өтті.
«Мұндай адамдармен тек заң шеңберінде күресу керек деп есептеймін, бұдан басқа жолы жоқ. Әлеуметтік желіде салғыласып, сөз таластырудың еш мәні де, пайдасы да жоқ. Біріншіден, оны сөзбен де, уәжбен де жеңе алмайсың. Бұл – ең алдымен адамның тәрбиесіне байланысты мәселе. Ондай адамдар ұрыс-керіс пен дау-дамайдан қуат алады. Өзін-өзі қайрап, ішін негативке толтырып жүретін осындай тұлғалар болады», – деді Баян Алагөзова.
Сондай-ақ медиа өкілі адамның ар-намысына тию мен дәлелсіз айып тағуға жол берілмейтінін жеткізді. Осы ретте ол сот арқылы өз құқықтарын қорғау шараларының оң нәтиже бергенін хабарлады.
«Базарда айғайлап отыратын кемпірлермен салғыласудың қаншалықты мағынасы жоқ болса, бұл да сондай. Оларды ешқашан айғайлап та, дауласып та жеңе алмайсың, өйткені олардың өз шындығы бар. Ол да өз шындығының ішінде қайнап, сонымен өмір сүріп жатыр. Сондай-ақ сол түсінігі оған дем беріп, өзін әлемді құтқарып жүргендей сезінеді. Мейлі, бұл да бар нәрсе шығар, не айтса да өз еркі. Бірақ адамдарды қорлауға, ешқандай салмақты дәлелсіз жала жабуға жол берілмейді. Біз, түптеп келгенде, дәл осы заңсыздықпен күресіп жатырмыз. Ал оның не айтып жатқаны немесе оны кімнің тыңдайтыны – әркімнің өз таңдауы. Біз сотта жеңіске жеттік. Динара Сатжан қорлау және жала жабу баптары бойынша екі сот процесін ұтып алды. Мен де қорлау бабы бойынша жеңіске жеттім, ал қазір жала жабу бойынша екінші сот процесі күтіп тұр», – деді продюсер.
Соңғы жаңалықтар