Үш әйелі барын айтып мақтанған алматылық блогер жауапқа тартылды

23.07.2026 12:34 Мөлдір ҚАЙНАР
Үш әйелі барын айтып мақтанған алматылық блогер жауапқа тартылды
143
Фото: видеодан скриншот/Stan.kz

Әлеуметтік желіде үш әйелі бар екенін айтып, видео түсірген алматылық азамат полицияның назарына түсіп, жазаланды, деп хабарлайды Politico.kz 

Видеода ер адам үш отбасын бағудың оңай емес екенін, бірақ отбасы мүшелерінің адал еңбек етіп жүргенін алға тартқан. Бұл жазба желі қолданушылары арасында үлкен дау тудырып, бірі оны көп әйел алуды насихаттау деп сөксе, екіншілері жеке таңдау ретінде бағалады.

Тексеру жүргізген Алматы полициясы бұл әрекетті қоғамдық мораль мен заңнамаға қайшы өмір салтын насихаттау деп тапты. Автордың жеке басы анықталып, оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды. Сондай-ақ профилактикалық әңгімеден кейін блогер даулы видеоларды өз еркімен өшірді.

Полиция әлеуметтік желілердің қоғамдық кеңістік екенін ескертіп, отбасы институтын төмендететін контент тарату заңды жауапкершілікке әкелетінін мәлімдеді. Еске салсақ, Қазақстан заңы бойынша бір мезгілде бірден көп некеге тұруға тыйым салынған.

Войдите, чтобы оставить комментарий