"Үстінде киімі жоқ": Алматы облысында 21 жастағы бойжеткеннің денесі ерлер дәретханасынан табылды
Алматы облысы Ұзынағаш ауылында 21 жастағы Диана Сансызбайдың мәйіті дүкен жанындағы ерлер дәретханасынан табылды. Полиция бұл дерек бойынша «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қылмыстық іс қозғаған, алайда марқұмның жақындары бұл нұсқаға үзілді-кесілді сенбей отыр, деп хабарлайды Politico.kz 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Қайғылы жағдай 29 маусым күні болған. Анасының айтуынша, бойжеткен дәл оқиғаның алдында ғана анасына тосынсый жасап, сұлулық салонына апарып, бірге баратын концертке билет сатып алған. Өмірге құштар болып жүрген қызының кенеттен өлімі отбасын есеңгіретіп тастады.
«Үстінде киімі де жоқ, тек қана іш киіммен жатыр. Шашының бәрі алба-жұлба, арасы шөп-шалаң. Мойнын бұрайын десе бұрылмайды, бір жағына қисайып қалған. Жауырыны мен арқасында дөңгелек пішінді көкпеңбек із тұрды. Бір қолы көгеріп кеткен, белінен төмен қарай көкпеңбек. Сақинасы бар, бірақ мойнындағы алтын алқасы жоқ», – деді марқұмның анасы Қаракөз Қалжанова.
Сондай-ақ анасы оқиға болған түні дәретхана маңында күмәнді көліктер мен жастардың жүргенін айтты:
«Бір қыз: “Апай, ол қай уақытта қайтыс болды?” деп сұрады. Түнгі 12-де болғанын айтсам, ол: “Қалай 12-де қайтыс болады? Мен түнгі сағат екіден бес минут кеткенде дәретханаға бардым. Сол кезде мұнда қара көлік пен оның жанында ақ көлік тұрды. Төрт жігіт шемішке шағып, қарқылдап күліп отырған”, – деп айтып берді», – дейді анасы.
Марқұмның денесін ерлер дәретханасынан еден жуушы тауып алған. Ағасы Есен Қалжанның сөзінше, қабырғасы биік дәретханада бойжеткеннің өздігінен жіп байлауы мүмкін емес, сондай-ақ мәйіттің тұрысы да қолдан жасалған әрекетке ұқсайды.
«Міне жіптің ізі. Осылай артқа қарап тұрған, астында ештеңе жоқ. Соткасы бір бұрышта, сөмкесі бір бұрышта. Адам өлер кезде ең құрмағанда еңкейеді ғой, ол түп-түзу тұр. Ал жеке заттарын біз өзіміз сайдан таптық. Бір ай бойы тергеушінің артынан жүгіріп жүріп әрең өткіздік. Ол бізге: "Киімін алу үшін бас тарту арызын жазып беріңдер" деп шарт қойды», – деп күйінді марқұмның ағасы.
Бойжеткеннің сөмкесінен 100 мың теңге ақшасы мен мойнындағы алтын алқасы жоғалған. Қара жамылған отбасы бұл оқиғаны қасақана кісі өлтіру деп есептеп, істің әділ әрі жан-жақты тергелуін талап етуде. Қазіргі уақытта полиция тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Соңғы жаңалықтар