WSJ: Путиннің ұзақ мерзімді стратегиясы нәтиже бере бастады

The Wall Street Journal басылымы Ресей президенті Владимир Путиннің ұзақ мерзімді стратегиясы өз нәтижесін бере бастағанын жазады.
Басылымның жазуынша, АҚШ-тың Украинаға қатысты саясатының өзгеруі және Батыс елдері арасындағы келіспеушіліктер Мәскеудің мүддесіне сай келуде.
Путин 2007 жылы Мюнхендегі қауіпсіздік конференциясында жасаған мәлімдемесінде әлемдік тәртіптің өзгеруі қажет екенін айтқан. Сол кезден бастап Ресей Грузия, Сирия және Украинада әскери операциялар жүргізіп, Батыспен қақтығысқа түсті. 2022 жылы басталған Украинадағы соғыс Мәскеуді халықаралық оқшаулауға ұшыратты, бірақ Путин ұзақ мерзімді ойын ойнап, экономикалық санкцияларға және әскери сәтсіздіктерге қарамастан ұстанымынан айныған жоқ.
Қазіргі уақытта АҚШ Украинаға әскери көмекті тоқтатып, Мәскеумен дипломатиялық байланыстарды қалпына келтіруге тырысуда. Трамп әкімшілігі Батыстың дәстүрлі одақтастарынан алшақтап, Ресеймен стратегиялық мәселелерді шешу қажеттігін мойындап отыр.
«Әлем өте тез өзгеруде», – деді Путин Ресейдің қауіпсіздік қызметінің өкілдерімен кездесуінде. Ол Ресей мен АҚШ "әлемдік тәртіптің архитектурасы бойынша стратегиялық мәселелерді" шешуге дайын екенін мәлімдеді.
Кремльдің ең радикалды шенеуніктері де Вашингтонның сыртқы саясатының жылдам өзгеруіне таңғалғанын айтады.
"Жаңа әкімшілік сыртқы саяси конфигурацияларды тез өзгертіп жатыр", – деді Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков.
Соңғы апталарда Трамп Зеленскийді "диктатор" деп атап, Украина президентін соғысты жалғастыруға мүдделі деп айыптады. Осыған байланысты Ақ үйде Трамп пен Зеленский арасында жария қақтығыс орын алды.
Ресейлік мемлекеттік БАҚ бұл жағдайды кеңінен жариялап, Трамптың "ақылға қонымды" көзқарасын мақтаған. Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Трамптың саясатын "прагматикалық" деп бағалап, Еуропа елдерін қақтығысты әдейі ұзартуда деп айыптады.
WSJ деректеріне сүйенсек, Ресей Украинадағы әскери операцияларын жалғастыра отырып, келіссөздерде өзіне тиімді шарттарды күтіп отыр.
"Путиннің бастапқы мақсаты – Батыс оның шарттарын қабылдайды деп күту. Қазір ол: бізге ұсыныс жасаңыз, біз асықпаймыз деп отыр", – дейді бұрынғы ресейлік дипломат Борис Бондарев.
Соңғы жаңалықтар





