Заңгер: Назарбаев әулеті ашықтан-ашық билікке келеді деген фантастика болып кетеді
Колумбия университетінің түлегі, заңгер Нұрғазы Әнуарбеков Назарбаевтың Путинмен жиілеген кездесулеріне қатысты пікір білдірді. Ол экс-президенттің үшінші мемлекет басшысы лауазымына өз кандидатын ұсыну ықтималдығына байланысты қойылған сұраққа жауап берді. Заңгердің пайымдауынша, бұдан былай қоғам экс-президент әулетінің билік тізгінін қайта қолға алуына жол бермейді, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы ол Ulysmedia порталына берген сұқбатында айтты.
«Меніңше, Назарбаев факторын алға тарта беруді қою керек. Ол кісіні жіберуіміз керек. (...). Өзі емес, мүмкін сыртқы күштердің ықпалы шығар. Путинмен жақсы дос болғаны рас. 30 жыл бірге ел басқарды. Бірақ онымен не үшін кездескенін болжап, ел тағдырына қатысты қандай да бір уәж айта алмаймыз. Ол кісіні жіберу керек. Жасы 86-ға келді», — деді Нұрғазы Әнуарбеков.
Сондай-ақ заңгер халықтың Назарбаев әулетінің билікке қайта келуіне қоғамның жол бермейтінін алға тартты.
«Олар да осы қоғамның мүшесі, билікке араласам десе, заң тыйым сала алмайды. Бірақ біздің қоғам оған мүмкіндік бермейді деп санаймын. Назарбаев әулеті ашықтан-ашық билікке келеді деген фантастика болып кетеді. Дариға Назарбаева бір үлкен лауазымға келіпті дегенді өз басым елестете алмаймын. Олай болса, қоғам өз-өзін сыйламайды деген сөз», — деді заңгер.
«Біздің халық өте кешірімді. Кеше мешітті Назарбаевтың атымен атау жөнінде жазып ем, желіде бұл шешімді қолдаушылар аз емес екенін көрдім», — деп өз ойын бөлісті журналист.
«Назарбаевтың кезінде жұрттың бәрі жаман өмір сүрген жоқ қой. Гүлденіп, жақсы өмір сүрген адамдар бар ғой. Мысалы, 1953 жылы Сталин өлді. Қазір 2026 жыл. Сталинді мақтап-мадақтап, сөзін сөйлейтіндер әлі көп. Ақтайтын да, даттайтын да адамдар табылады», — деді Нұрғазы Әнуарбеков.
Соңғы жаңалықтар