Зерттеу қазақстандық әйелдердің неге шаршайтынын көрсетті

Зерттеу қазақстандық әйелдердің неге шаршайтынын көрсетті
08.10.2025 17:21
0
110
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Зерттеу қазақстандық әйелдердің неге шаршайтынын көрсетті

Қазақстан қоғамында жұмыс істейтін аналарға қатысты көзқарас әлі де бірізді емес. Президент жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама халықтың бір бөлігі әйелдің жұмысы бала тәрбиесіне кері әсер етеді деген дәстүрлі ұстанымды қолдаса, басым көпшілігі мұнымен келіспейтінін көрсетті.

Кеңес заманынан бері қазақстандық әйелдер үшін жұмыс пен үй шаруасын қатар алып жүру қалыпты жағдайға айналған. Әлеуметтануда бұл құбылыс «қосарлы жүктеме» деп аталады, яғни әйел ақылы еңбегімен қатар, үй тірлігі мен бала тәрбиесіне де толық жауапты болып қала береді. Осыған қарамастан, «ананың жұмыс істеуі балаға зиян ба?» деген сауал қоғамдағы пікірталастың өзегіне айналып отыр.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, сауалнамаға қатысқандардың 37,9 пайызы ананың жұмысқа шығуы балаларға теріс ықпал етеді деп санайды. Бұл отбасында ер адамның үстемдігін және әйелдің рөлін шектеуді көздейтін патриархалды көзқарастың көрінісі. Алайда, респонденттердің басым бөлігі (59,4%) бұл тұжырыммен келіспейтінін білдірген. Бұл өз кезегінде қоғамда ер мен әйелдің тең мүмкіндіктерін қолдайтын заманауи ұстанымның да орнығып келе жатқанын аңғартады.

Қызығы, бұл мәселеде ерлер мен әйелдердің, қала мен ауыл тұрғындарының пікірінде айтарлықтай айырмашылық байқалмайды. Екі топтың да көзқарастары шамалас. Дегенмен, дәстүрлі пікірді ұстанатындардың арасында ер адамдардың үлесі сәл ғана басым.

Зерттеу барысында жұмыс істейтін аналарға қатысты көзқарасты анықтайтын негізгі екі фактор анықталды: білім деңгейі және жас ерекшелігі. Білімі жоғарылаған сайын дәстүрлі пікірді қолдайтындар азая түседі. Мәселен, орта немесе кәсіптік білімі барлардың 42,2 пайызы «ананың жұмысы балаға зиян» десе, жоғары білімді азаматтар арасында бұл көрсеткіш 33,7 пайызды құрайды.

Ең үлкен алшақтық ұрпақтар арасында байқалады. Жасы ұлғайған сайын патриархалды көзқарасты жақтайтындардың саны артады. Егер 18–29 жас аралығындағы жастардың үштен бірі (32%) ғана осы пікірмен келіссе, аға буын өкілдерінің 47,5 пайызы ананың орны үйде дегенді жөн санайды. Бұл жас ұрпақтың жұмыс істейтін ананы қалыпты құбылыс ретінде қабылдайтынын, ал үлкендердің дәстүрлі құндылықтарға көбірек бейім екенін көрсетеді.

Зерттеу қорытындысында әйелдердің қосарлы жүктемесін азайту үшін бірнеше қадам қажет екені айтылады. Олардың қатарында балабақшалар мен ұзартылған күн топтарын дамыту, икемді жұмыс түрлерін енгізу және отбасындағы әкенің рөлін күшейту шаралары бар. Сарапшылардың пікірінше, еңбек пен отбасылық міндеттер ортақ жауапкершілікке айналғанда ғана әйелдерге түсетін салмақ жеңілдеп, қоғамда тең серіктестік қалыптасады.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий