"Жағдай мәз емес": Бектенов "Самұрық-Энерго" басшысына қатаң ескерту жасады
Үкімет отырысында премьер-министр Олжас Бектенов жаңа энергетикалық қуат көздерін іске қосу маңызды екенін айтып, Алматыдағы жылу электр орталығының құрылысына қатысты жауаптыларға қатаң ескерту жасады, деп хабарлайды Politico.kz.
Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" қорына негізгі энергетикалық жобаларды уақытында аяқтау тапсырылды. Үкімет басшысы көмір химиясы саласындағы қайта өңдеу жобаларына жеке инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін алға тартты.
"Ел экономикасын одан әрі индустрияландыру және цифрландыру, сондай-ақ инфрақұрылымның өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін энергетикалық қуаттарды арттыру қажет", – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ ол Алматыдағы электр станциялары мен Түркістан облысындағы бу-газ қондырғысын іске қосуды кешіктірмеу керектігін еске салды. Бұл жобалар үшін Энергетика министрлігі мен "Самұрық-Қазына" басшылары тікелей жауапты екені ескертілді. Әсіресе Алматыдағы ЖЭО-3 құрылысы бойынша жұмыс қарқыны қатты сынға ұшырады.
"Самұрық-Энерго басшысы Қайрат Мақсұтов, өткен аптада энергетика министрі Алматыға барып, ЖЭО-2 және ЖЭО-3-ті тексеріп келді. ЖЭО-3 бойынша жағдай мәз емес, жұмыс қарқыны өте төмен. Егер жылдың аяғына дейін бітірмесеңдер, сіздің жеке қатаң жауапкершілігіңіз қаралатын болады. Күнделікті бақылауға алыңыз, бұндай жағдайды доғару керек", – деді премьер-министр.
Соңғы жаңалықтар