Жамбылда бұрынғы прокурор 12 млн теңгелік алаяқтық күдігімен ұсталды

17.09.2026 12:35 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Жамбылда бұрынғы прокурор 12 млн теңгелік алаяқтық күдігімен ұсталды
79
Фото: gov.kz

Жамбыл облысында Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет департаментінің бұрынғы аға прокуроры Малик Елетаев ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен тұтқындалды, деп хабарлайды Hronika.kz.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары, әділет аға кеңесшісі Азамат Күренкейдің айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2026 жылғы 31 тамызда Елетаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Іс Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары бойынша қозғалды. Бұл бап мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлғаның ірі мөлшерде алаяқтық жасауын қарастырады.

Тергеу материалдарына сәйкес, Малик Елетаев маусым айының ортасында М. Нұрниязовтан 12 млн теңге алған. Бұл қаражат «Еңбек» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнымен мемлекеттік сатып алу шартын жасасуға көмектескені үшін берілген.

Бұрынғы прокурор 2026 жылғы 3 қыркүйекте ұсталды. Ал арада екі күн өткенде Тараз қаласының мамандандырылған тергеу соты оны қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады. Қазіргі уақытта оған күдікті мәртебесі беріліп, тергеу амалдары жалғасып жатыр.

Бұған дейін бейресми дереккөздерде Елетаевтың 31 тамызда прокуратура органдарынан босатылып, 3 қыркүйекте ұсталғаны айтылған еді. Осыған байланысты басылым Ұлттық қауіпсіздік комитетіне де, облыстық прокуратураға да сауал жолдаған болатын.

Сауалға жауап берген ҰҚК аппараты басшысының орынбасары Александр Нечипоренко бұрынғы прокурордың ұсталғанын растады. Сондай-ақ ол Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес бұл іске қатысты өзге мәліметтер жария етуге жатпайтынын жеткізді. Заңнама бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері тек прокурордың рұқсатымен ғана шектеулі түрде таратылады.

Істе аталған «Еңбек» кәсіпорны Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарайды. Ол түзеу мекемелерін тамақпен, коммуналдық қызметтермен және жөндеу жұмыстарымен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ колониялар базасында өндіріс ұйымдастырып, сотталғандарды жұмыспен қамтуға көмектеседі.

Войдите, чтобы оставить комментарий