«Жаңа адамдар» қозғалысының жетекшілері жаңадан құрылған «Әділет» партиясының құрамына кірді
Биылғы 1 маусымда мемлекеттік тіркеуден өткен жаңа «Әділет» партиясының саяси кеңесіне «Жаңа адамдар» жастар қозғалысының басшылығы қабылданды, деп хабарлайды Politico.kz.
Үш жарым жыл ішінде еліміздің түкпір-түкпірінен ондаған мың белсендіні біріктірген бұл жастар ұйымы осы уақыт аралығында экология, балалар қауіпсіздігі және заң мен тәртіп мәдениетін дамыту бағытында көптеген азаматтық бастамаларды жүзеге асырған. Ендігі кезекте қоғамдық белсенділікті шешім қабылдау деңгейіне көтеруді және азаматтардың нақты сұраныстарынан туындайтын мәселелерді ілгерілетуді көздеген қозғалыс өкілдері ресми саяси аренаға қадам басып отыр.
Нақтырақ айтқанда, жаңа партияның саяси кеңесі құрамына «Жаңа адамдар» ұйымының негізін қалаушы Асель Баденова, қозғалыстың тең құрылтайшысы Мейіржан Ғарифолаев және баспасөз хатшысы Алпамыс Әбілов енді. Ұйым мәліметіне сүйенсек, бұл саяси құрылым президент реформалары мен Әділетті Қазақстан идеясын мемлекет дамуының басты негізі деп санайтын азаматтардың басын қосады.
«Бүгінде азаматтар болып жатқан үдерістерді сырттай бақылап қана қоймай, оларға ықпал етуді, шешім қабылдау үдерісіне қатысуды және нақты нәтижені көруді қалайды. Мемлекет басшысы ілгерілететін Адал азамат қағидатының мәні де осы: адал, жауапты әрі жасампаз болу сөз жүзінде емес, іс жүзінде көрінуі тиіс. Партияның Саяси кеңесіне кіре отырып, мен бұл жұмысты мүдделес азаматтармен бірге жауапкершіліктің жаңа деңгейінде жалғастырамын. Алдымызда үлкен жұмыс күтеді. Елдегі өзгерістердің табысты болуы барлық азаматтардың сол өзгерістерді жүзеге асыруға белсене қатысуына байланысты болады», – деді «Жаңа адамдар» қозғалысының негізін қалаушы Асель Баденова.
Соңғы жаңалықтар