«Жаңа Қазақстанды» сынаушылар ескі элитаның мүддесіне қызмет етіп жүр

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи «Жаңа Қазақстанды» сынап жүрген қоғам белсенділерінің шын мәнінде ескі элитаның мүддесіне қызмет етіп отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
«Қазіргі билікке авторитарлық дәстүрден құтылу қиынға соғып отыр. Біз мұны өз тәжірибемізден көріп келеміз. Қаңтар оқиғасынан кейін де ескі жүйенің қарсыласуы бәсеңдеген жоқ. Олар жасырын түрде билікке қайта оралу үшін күресті жалғастыруда. Қазір ескі элита әлеуметтік желілер арқылы наразы топтарды өз жағына тартуға әрекет етуде. «Жаңа Қазақстанды» сынап жүрген кейбір қоғам белсенділері шын мәнінде сол ескі билікке пайда әкеліп жатыр», – деді депутат Мәжілістің пленарлық отырысында.
Ермұрат Бапидің айтуынша, елдегі бюрократиялық аппаратта жеке билікке табыну әлі күнге дейін терең тамыр жайған.
«Мен депутат болып осы ортаға кірген кезде авторитарлық жүйенің тамыры қаншалықты терең екенін өз көзіммен көрдім. Бұл дерттен арылу өте қиын екен. Тіпті депутаттық сауалдарына дұрыс жауап ала алмай жүрген әріптестерім де бұл проблеманы жақсы сезінеді», – деп қосты Бапи.
Еске сала кетейік, бұған дейін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Қазақстанның 30 жыл бойы суперпрезиденттік жүйеде өмір сүргенін және бұл жағдайдың елді саяси дағдарысқа ұшыратқанын айтқан еді. Оның сөзінше, қазіргі реформалар Қазақстанды жаңа даму деңгейіне көтеруге бағытталған.
Ақпарат inform.kz сайтынан алынған.
Соңғы жаңалықтар





