Жаркентте баласын аяусыз соққыға жыққан әйелдің күйеуі оқиғаның мән-жайын айтты
Жетісу облысы Жаркент қаласында 5 жасар баласына қатыгездік көрсеткен әйелге қатысты оқиғаның егжей-тегжейі белгілі болды. Бұған дейін әлеуметтік желіде ананың баласын жылу батареясына байлап, соққыға жыққан сәті түсірілген видео тараған еді, деп хабарлайды Politico.kz.
Балалардың әкесі Таир Курваншановтың айтуынша, бейнежазбаны отбасымен бірге тұратын танысы түсірген. Әйел үлкен ұлы кіші дәретке жіберіп қойғаны үшін баланы тепкілеп, ауыр жаза қолданған.
«Үйде сыныптас қыз бар, видеоны сол түсірген. Мен дүкеннен келген соң оңашада көрсетті. Видеоны көргеннен кейін өзім оны жан-жаққа жібере бастадым», – дейді әкесі.
Таир Курваншанов пен әйелі Марияның екі баласы бар. Ер адамның сөзінше, жұбайының психологиялық диагнозы бар және соңғы екі-үш айда мінез-құлқы күрт өзгерген. Бұған дейін мұндай ауыр соққылар болмағанымен, кейде балаларды шапалақтап, балағаттаған.
«Бұрын бәрі жақсы еді. Соңғы айларда ғана басталды. Балалардың беті көгеріп жүретін, “бір-бірімен төбелесті” деп айтатын. Жұмыста жүрген соң мән бермей жүріппін», – дейді ол.
Әкенің айтуынша, жұбайы опасыздық жасағаннан кейін, шамамен 15 күн бұрын ажырасуға өтініш берген.
«Заңды некедеміз. Ана құқығынан айырылып, екі бала менде қалсын деп арыз жаздым», – деді ол.
Видео тарағаннан кейін полиция тексеріс жүргізіп, 28 жастағы әйелдің балаға дене жарақатын салғанын анықтаған. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, әйел полиция бөлімшесіне жеткізілді.
Қалалық әкімдік мәліметінше, ерлі-зайыптының екеуінде де жеңіл ақыл-ой кемістігі диагнозы бар, олар психоневрологиялық диспансерлік есепте тұрған. Отбасы 18 қаңтар күні түнде Отбасын қолдау орталығына жеткізілген.
«Балалар медициналық тексеруден өтті. Анасы полиция бөлімшесінде қалды», – деп хабарлады әкімдік өкілдері.
Қазіргі таңда 4 және 2 жастағы екі бала Жаркент қаласындағы Отбасын қолдау орталығына орналастырылған.
Соңғы жаңалықтар