Жарты триллион теңге қайда кетті? Мемлекет ақшасын депозитке салып, пайызын жеп отырғандар белгілі болды

02.12.2025 11:44 Арман Ермеков
Жарты триллион теңге қайда кетті? Мемлекет ақшасын депозитке салып, пайызын жеп отырғандар белгілі болды
0
102
Фото: gov.kz. Суретте: Әлихан Асханұлы

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) өңірді дамытудың орнына, мемлекет қаржысын оңды-солды шашып, шығынға белшеден батқан. Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен жиында осы және басқа да өрескел заңбұзушылықтар жария етілді, деп хабарлайды Politico.kz.

Белгілі болғандай, Ұлттық экономика министрлігі мен жергілікті әкімдіктер тарапынан бақылаудың жоқтығынан корпорациялар өз білгенін істеуге көшкен.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, қазір ӘКК-лердің нақты немен айналысатыны түсініксіз.

«ӘКК нақты немен айналысуы керек екенін анықтап, бірыңғай тәсіл әзірлеу қажет. Оларды даму институттары дей аламыз ба? Өңірлердегі әлеуметтік рөлі қандай? Инвестиция тартуда қандай рөл атқарады? Қандай құралдарды қолдануы керек? Қарыз беруде қандай қағидаларды ұстанады? Бірыңғай ұстаным қалыптастыру қажет. Өңірлерде өздері дұрыс деп тапқанның барлығын жасап жатыр. Көп жағдайда бұл тіпті Кәсіпкерлік кодексіне де қайшы келеді», — деді Әлихан Смайылов.  

Статистикаға сүйенсек, соңғы 5 жылда ӘКК-ге бюджеттен 528 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның жартысынан көбі 288 млрд кәсіпкерлерді несиелеуге арналған еді.

Алайда, корпорациялар бұл ақшаны инвестициялық жобаларға құюдың орнына, оңай жолды таңдаған: бюджет қаржысын банктегі депозиттерге салып, пайызын көтеріп отырған.

Осындай шалағай жұмыстың кесірінен ӘКК-лердің жинақталған шығыны 2020 жылмен салыстырғанда 7 есеге өсіп, 209 миллиард теңгеден асып түсті. Ал мемлекетке түсуі тиіс дивидендтер мүлде мардымсыз.

Аудиторлар нақты өңірлердегі заңсыздықтарды да тізіп берді:

  • «Ақтөбе» ӘКК: Соңғы 3 жылда мемлекеттен 11,2 млрд теңге алып, оны бір ғана жеке компанияға несие және субсидия ретінде берген. Ең қызығы, несиені мақұлдаған комиссия құрамында сол фирмаға қатысы бар адамдар отырған. Кепілзат та алынбаған.
  • «Ертіс» ӘКК (ШҚО): Инвестициялық жоба деген желеумен 16,6 млрд теңгеге коммерциялық тұрғын үй салып жатыр. Тексеріс кезінде 3,3 млрд теңгенің заңбұзушылығы анықталды.
  • «Aqjaiyq» ӘКК (БҚО): Инвестицияға бөлінген жер учаскелерін игермей, немесе басқа коммерциялық мақсаттарға пайдаланып кеткен.
  • «Семей» ӘКК: Бюджет ақшасын тез игеру үшін жобаларды ешқандай талдаусыз, көз жұмып іріктей салған.

Тұрақтандыру қорларының жұмысы да сын көтермейді. Аудит көрсеткендей, қоймалардағы өнім дұрыс сақталмайды, тауар түрі аз, ал сөрелер сұранысқа ие емес заттарға толы. Айналым схемасы тиімсіз жұмыс істегендіктен, ӘКК-лер бағаны ұстап тұруға қауқарсыз болып шықты.

Жалпы тексеріс барысында 138 миллиард теңгенің қаржылық бұзушылығы, 14,5 млрд теңгенің тиімсіз жоспарланғаны және 33,6 миллиард теңгенің тиімсіз жұмсалғаны әшкереленді.

Аудиторлар анықтаған өрескел заңбұзушылықтар бойынша 14 фактіге қатысты материалдар құқық қорғау органдарына жолданды.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий