"Жазаға тартылмайтын жаза": Түркістанда бір ай жұмысқа келмеген шенеунік сотталды

Түркістанда жалған еңбекке жарамсыздық парағын өткізген мемлекеттік қызметшіге рақымшылық жасалды, деп хабарлайды POLITICO.KZ порталы.
Түркістан қаласында бір ай бойы жұмысқа келмей, оны жасыру үшін жалған еңбекке жарамсыздық парағын өткізген мемлекеттік қызметшіге қатысты сот үкімі шықты. Сот оған айыппұл салғанымен, рақымшылық жасау туралы заңға сәйкес оны төлеуден босатты.
Оқиға қалай болған?
Сот анықтағандай, мемлекеттік қызметші 2024 жылдың тамыз-қыркүйек айларында еш себепсіз бір ай бойы жұмыста болмаған.
Ол ауруханаға қаралмаса да, белгісіз біреу арқылы еңбекке жарамсыздық парағын жасатқан. Мемлекеттік қызметші құжаттың жалған екенін біле тұра, оны өзінің жұмыс орнының кадрлар бөліміне өткізген.
Сотта не болды?
Прокурор айыпталушыға айыппұл салуды сұрады. Алайда, мемлекеттік қызметші тағылған айыппен келіспей, өзін ақтауды сұраған.
Дегенмен, сот оның кінәсі куәгерлердің сөздерімен, сараптама қорытындыларымен және басқа да іс құжаттарымен толық дәлелденгенін хабарлады.
Айыппұл салынды, бірақ төлемейтін болды
Сот үкімімен оған 314 560 теңге айыппұл салынды. Алайда, сот рақымшылық жасау туралы заңды негізге алып, оны осы айыппұлды төлеуден бірден босатты.
Сот үкімі заңды күшіне енді.
Соңғы жаңалықтар





