Жеке клиникада тағы бір өлім: Астанада ота алдында полковник көз жұмды
Астанада запастағы 51 жастағы полковник жоспарлы операцияға дайындық кезінде қайтыс болды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Newtimes.kz-ке сілтемемен.
Марқұмның туыстары болған жағдайға қатысты әділ әрі жан-жақты тергеу жүргізуді талап етіп отыр.
Белгілі болғандай, ер адам мұрын қалқасын түзету және ұйқы кезіндегі тыныс алудың тоқтап қалуын (апноэ) емдеу үшін жеке клиникаға жүгінген. Алайда дәрігерлер операцияны бастамай тұрып, науқасқа көктамыр арқылы дәрілік препарат енгізген.
Туыстарының айтуынша, дәл осы сәттен кейін ер адамның жүрегі кенеттен тоқтап қалған. Дәрігерлер жедел жәрдем шақырып, оны Астанадағы №2 көпсалалы қалалық ауруханаға ауыр халде жеткізген. Науқас алты күн бойы жансақтау бөлімінде жатқанымен, есін жимастан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, өлімге ми ісінуі себеп болған.
Марқұмның қызы әлеуметтік желіде жазба жариялап, оқиғаға қоғам мен БАҚ назарын аударуға шақырды.
«Әкем қарапайым жоспарлы операцияға барып, үйіне оралмады. Наркоз алдында енгізілген препараттан кейін оның жүрегі тоқтап қалды. Біз болған жағдайдың толық әрі әділ тергелуін талап етеміз», – деді ол.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалған. Туыстары Денсаулық сақтау министрлігі мен Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің ресми қорытындысын күтуде.
Олар енгізілген дәрілік препараттың қауіпсіздігін тексеріп, медицина қызметкерлерінің әрекетіне құқықтық баға беруді сұрап отыр.
Айта кетейік, соңғы жылдары Қазақстанда жеке клиникалардағы жоспарлы медициналық процедуралардан кейінгі қайғылы оқиғалар бірнеше рет тіркелген. Бұған дейін Алматыда блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан операция кезінде көз жұмса, Ақтауда липосакциядан кейін Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуов қайтыс болған еді. Екі жағдайда да құқық қорғау органдары тергеу жұмыстарын бастаған.
Соңғы жаңалықтар