Жетісудағы Айзаттың қазасы "Адам өлтіру" бабына ауыстырылды

Жетісудағы Айзаттың қазасы
20.10.2025 12:02
0
533
фото: ашық дереккөз

Жетісуда күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдің ісі қайта тергеліп жатыр, деп хабарлайды POLITICO.KZ ORDA.KZ порталына сілтеме жасап.

Жетісу облысында 32 жастағы Айзат Жұманованың жауыздықпен өлтірілуіне қатысты іс жаңа сипат алды. Алғашында әйелдің өлімін «абайсызда болған жағдай» деп жабуға тырысқандарымен, марқұмның ата-анасы мен қоғамның табандылығының арқасында іс қайта сараланып, ауыр бапқа ауыстырылды.

Маусым айында Айзат Жұманова ес-түссіз, қатты соққыға жығылған күйде ауруханаға жеткізілген. Тергеудің бастапқы нұсқасы бойынша, оны ауруханаға өз күйеуі алып келген. Дәрігерлер әйелдің өмірі үшін жарты сағаттай күрескенімен, оны аман алып қала алмады.

Бастапқыда бұл іс ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабы, яғни «Абайсызда өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру» бойынша қозғалған. Полициядағылар бұл шешімді күйеуінің оны ауруханаға өзі жеткізгенімен және «өлтіру ниеті болмағанымен» түсіндірген.

«Өлтіру ниеті болмаған. Өйткені күйеуі оны ауруханаға өзі алып келген ғой», – деп мәлімдеген еді сол кезде полиция өкілдері.

Алайда, марқұмның туыстары бұл нұсқамен келіспей, Айзаттың денесін эксгумациялауды және сот-медициналық сараптаманы Талдықорғанда емес, Алматыда қайта өткізуді талап етті. Алматылық сарапшылардың қорытындысы жергілікті мамандардың тұжырымына мүлдем қарама-қайшы болып шықты:

«Жарақаттар доғал затпен, шамамен бита немесе басқа да ауыр құралмен салынған. Соққылардың сипаты «бір реттік жанжалды» емес, жүйелі түрде ұрып-соғуды көрсетеді. Денеде көптеген көгерулер, сынықтар, жыртылған жаралар анықталды».

Бұл қорытынды «абайсыздық» және «аффект жағдайында жасалған қылмыс» туралы бастапқы болжамның тас-талқанын шығарды. Нәтижесінде, тергеу органдары істі ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабына, яғни «Адам өлтіру» бабына қайта саралауға мәжбүр болды.

Енді марқұмның қайғыдан қан жұтқан анасы қызын азаптау кезінде жанында болып, үндемей қалғандардың барлығын жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Еске сала кетейік, Жетісу облысы, Ақсу ауданы, Баласаз ауылының 32 жастағы тұрғыны Айзат Жұманова 2025 жылдың 22 маусымында аса қатыгездікпен жасалған зорлық-зомбылық салдарынан қаза тапқан болатын.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий