Жоғарғы Сот 2026 жылдың тоғыз айындағы жұмыс қорытындысын жариялады
Қазақстанда 2026 жылдың тоғыз айында әкімшілік істер бойынша сот шешімдерінің 53%-ы азаматтардың пайдасына шығарылған. Бұл туралы Жоғарғы Сот хабарлады, деп жазады Politico.kz.
Жоғарғы Сот төрағасы Асламбек Мерғалиев судьялармен кеңес өткізіп, 9 айдағы жұмыс нәтижесін қорытындылады.
Биыл соттар 1,6 миллион азаматтық іс пен материал қараған. Бұл былтырғы сәйкес кезеңдегі 1,3 миллионнан 25%-ға көп. Татуласу көрсеткіші 45,9%-дан 47,5%-ға өскен.
Қылмыстық істер саны 1,3%-ға азайған. Тоғыз айда 22,6 мың адам сотталып, олардың 5 мыңы айыппұл төлеуге немесе қоғамдық жұмысқа тартуға міндеттелген.
Рақымшылық аясында 285 адам жазадан босатылған.
Соттар күдіктілерді қамауға алу туралы өтініштерді де сирек қанағаттандыра бастаған. Бұл көрсеткіш 63,2%-дан 61%-ға төмендеген.
Ал үйқамаққа алынғандар саны 3650 адамнан 4241 адамға көбейген. Электрондық білезік қолдану 76,1%-ға артқан.
Әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты 314 мың іс қаралған. Бұл былтырғыдан 2,4%-ға көп. Қоғамдық жұмыстарға 7 мың адам тартылған.
Мемлекеттік органдарға қатысты әкімшілік талап қоюлар саны 26 мыңнан 30 мыңға жеткен. Бизнестен түскен талап арыздар да 11%-ға көбейген.
Кеңес соңында Асламбек Мерғалиев судьяларға сот шешімдерінің сапасын арттырып, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуді тапсырды.
Соңғы жаңалықтар