«Жұмыс істеуге барған»: Қытайда Қазақстан азаматы төбелестен кейін қамауға алынды
Қытайдың Гуандун провинциясында 1996 жылы туған Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров жергілікті тұрғынның өліміне әкеп соққан төбелестен кейін денсаулыққа қасақана зиян келтірді деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл оқиғаға қатысты Threads желісінде жазба қалдырған бойжеткен қайғылы жағдайдың қорғану кезінде болғанын және отандасымыздың көрші елге тек отбасын асырап жұмыс істеу мақсатында барғанын айтты.
Оның айтуынша оқиғаның арнайы бейнежазбасы бар, онда қазақстандыққа бірнеше адамның жабылып шабуыл жасағаны анық көрінеді.
«Қытайда біздің отбасымыз үшін үлкен қайғыға айналған төтенше жағдай болды. Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров ҚХР азаматымен жанжалдасып, төбелес салдарынан қытайлық азамат көз жұмды. Біз қайғылы оқиғаның болғанын жоққа шығармаймыз, бірақ бәрі дәл қалай болғанын түсіну өте маңызды. Махмұтхан Қытайға жанжалдасу үшін емес, отбасы мен болашағы үшін жұмыс істеуге барды», — деді жазба авторы.
Өз кезегінде еліміздің Сыртқы істер министрлігі (СІМ) бұл жағдайдан толық хабардар екенін және Гуанчжоу қаласындағы бас консулдыққа Гуандун провинциясының қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан ресми хабарлама түскенін растады.
Ведомство мәліметіне сүйенсек, қазіргі уақытта қазақстандық тарап осы іс бойынша қосымша ақпарат алу үшін Қытайдың құзырлы органдарына тиісті сауалдар жолдаған.
«Қазақстандық дипломаттар ұсталған азаматтың туыстарымен тұрақты байланыста және өз құзыреті аясында қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатыр. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің бақылауында», — деп жауап берді СІМ.
Соңғы жаңалықтар