Зумерлер саяси институттарға мүлдем сенбейді — зерттеу

14.07.2026 20:11 Томирис САҒЫНДЫҚ
Зумерлер саяси институттарға мүлдем сенбейді — зерттеу
44
Фото: ЖИ көмегімен жасалды

Саясаттанушы әрі заңгер Қазбек Майгелдинов еліміздегі сайлаушылардың негізгі бөлігін Z буыны құрайтынын, бірақ олардың саяси белсенділігі өте төмен екенін атап өтті. Саясаттанушының пайымдауынша, партиялардың өз қатарларына Аша Матай, «Ирина Кайратовна» солисі сияқты эстрада мен желі жұлдыздарын тартуы — дәл осы жастар аудиториясының назарын аудару амалы, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Ulysmedia порталына берген сұқбатында айтты.  

«Заманауи трендтерге келейік. Америкада әлеуметтік зерттеулер жүргізетін үлкен компаниялардың бірі – Gallup былтыр зумерлер арасында үлкен сауалнама жүргізген екен. Сол зерттеу бойынша зумерлер саяси институттарға мүлдем сенбейді. Олар тіпті саяси партияларды саяси күш ретінде қабылдамайды. Қазақстанда дауыс берушілердің 40-50 пайызы – зумерлер. Олар саясаттан мүлдем алшақ. Саяси партияларда кімдер бар екенін білмейді. Менің ойымша, осы мәселені ескере отырып саяси партиялар өз қатарларына «Ирина Қайратовна» тобының мүшесін, Аша Матай секілді әншілерді тарту арқылы саяси технологияға барып отыр. Өйткені зумерлер партияны танымаса да, кумиріне дауыс берсін деген мақсат. Бірақ мәселе абыройға келіп тіреледі. Мен біздің партияларды «зомби партиялар» деп атаймын. Өйткені олар өздерінің күретамырын білмейді, негізгі ұйым ретіндегі атқаратын қызметін атқармайды. Партия екендері сайлау науқаны қарсаңында ғана естеріне түседі, басқа уақытта оларды көрмейміз, естімейміз. Саяси партиялар күнделікті жұмыстан босамауы керек. Егер үздіксіз жұмыс істесе, Аша Матайды шақырудың қажеті болмас еді», — деп бөлісті Қазбек Майгелдинов.

Бұған қоса, саясаттанушы елімізде оппозиция түсінігіне қатысты қате пайым қалыптасқанын тілге тиек етті.

«5 жылдан бері бізде заң жүзінде енгізілген парламенттік оппозиция деген ұғым бар. 2023 жылы ең болмағанда Жалпыұлттық социал-демократиялық партия парламенттік оппозиция мінберін пайдаланатын шығар деп күткенмін. Оппозиция – мемлекетке, мемлекет басшысына қарсы топ емес. Оппозиция деген – балама пікір білдіру, ұсынылған шешімге келіспесең, өз шешіміңді ұсыну. Азаматтық позицияңызды көтере білсеңіз, бәлкім оны қолдаушылар пайда болып, үлкен күшке айналасыз. Ал бізде оппозиция деген Назарбаевты, Тоқаевты жамандау деп түсінеді», — деп түйіндеді сөзін Қазбек Майгелдинов.

Войдите, чтобы оставить комментарий