Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі: жылдық инфляция республиканың көптеген аймақтарында бәсеңдеді
Қаңтар айында елімізде жылдық инфляция төмендеп, 9,5%-ды құрады (2023 жылғы желтоқсанда – 9,8%). Бұл ретте 15 өңірде жылдық инфляция төмендесе, үшеуінде өсті, ал екеуінде бұрынғы деңгейде қалды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Жылдық инфляцияның ең жоғары деңгейі Қарағанды, Маңғыстау, Атырау және Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді.
Азық-түлік тауарларының бағасы қаңтарда бір жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2%-ға дейін төмендеді (2023 жылғы желтоқсанда – 8,5%). Азық-түлік бағасының ең жоғары өсімі Ұлытау облысында (11,3%), ал ең төменгісі Шымкентте (5,9%) байқалды.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,6%-ға дейін төмендеді (2023 жылғы желтоқсанда – 9,1%). Ең жоғары көрсеткіш Маңғыстау облысында (12,9%), ең төменгісі – Ақтөбе облысында (7,1%) тіркелді.
Ақылы қызметтер бағасы да қаңтарда төмендеп, бір жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,3%-ды құрады (2023 жылғы желтоқсанда – 12,4%). Алайда Түркістан облысында олар республикалық деңгейден айтарлықтай жоғары, 17,3%-ға жетіп, Қызылорда облысында айтарлықтай төмен – 9,5%-ды құрайды.
Қаңтарда елдегі айлық инфляция 0,8%-ды құрады, бұл орташа тарихи деңгейден жоғары (2017-2021 жж. қаңтарда 0,6%).