Қазақстандықтар рубльден жаппай құтылуға жанталасып жатыр

0
82

Ұлттық банк жаңа 2024 жылдың алғашқы айын қорытындылап, айырбастау бекеттеріндегі шетел валютасын сатып алу және сату бойынша жасалған операцияларға қатысты есебін жариялады.

Ол қазақстандықтардың Ресей валютасын бұрынғыдан әлдеқайда сирек сатып алатынын паш етті. Бұлай бара берсе, рубль республикамызда тұтынушы таппай қалуы мүмкін. Қазірдің өзінде кейбір айырбастау пункттері әкімшілендіруге және есеп беруге адами, уақыт ресурстарын шығындамау үшін рубль сатудан бас тартуда.

Сонымен, Ұлттық банктің хабарлауынша, 2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2024 жылғы қаңтарда ресейлік ұлттық валютаға деген сұраныс бірден 17%-ға құлады.

Егер былтырғы соңғы айда азаматтар 5,8 млрд теңгеге рубль сатып алса, биылғы бірінші айда оған 4,8 млрд теңге ғана жұмсаған. Осылайша, небәрі бір айда сұраныс 1 миллиард теңгеге түсіп кетті.

Әрине, бағамының құлдырауына байланысты алыстағы Американың валютасына да халықтың қызығушылығы азайған. Соның өзінде саудасының ауқымы салмақты болып қалды. 2024 жылғы қаңтар айында бұқара мен бизнес айырбастау бекеттерінен 190 миллиард 53,4 миллион теңгеге доллар сатып алды. Салыстырсақ, 2023 жылғы желтоқсанда оған 237,8 миллиард теңгесін жұмсаған болатын.

Ал ұжымдық Еуропаның валютасы биылғы қаңтарда Қазақстанда ең танымал валютаға айналып шыға келді. Азаматтар бір ғана айда 21 миллиард 623 миллион теңгеге еуро сатып алды. Бұл өткен жылғы желтоқсандағыдан (12,9 миллиард теңгеден) үштен бірге көп.

Ұлттық банктің мәлімдеуінше, биылғы қаңтарда республика бойынша жалпы сомасы 4 млрд 801,4 млн теңгеге ғана рубль сатылған.

Бұл жерде бір қызықты құбылыс бар. Түркістан және Қызылорда облыстарының тұрғындары тарапынан өткен айда рубльге мүлдем сұраныс болмапты.

Көршінің валютасын алып жүргендер – негізінен сонымен шектесетін облыстарымыздың жұртшылығы. Ең ірі сомалар да соларға тиесілі. Мәселен, Ресейдің ұлттық валютасын шығысқазақстандықтар 1 млрд 72,1 млн, павлодарлықтар 451,4 млн, батысқазақстандықтар 416 млн, абайлықтар 320,7 млн теңгеге сатып алды.

Ресеймен ірге бөліспейтін өңірлеріміз арасында Астана қаласы (753,4 млн теңге), Қарағанды облысы (597,6), Ақмола облысы (372,2 млн теңге) ерекшеленді.

Басқа өңірлеріміздің тұрғындары рубльге 200 млн жұмсауды жөн көрмепті. Атырау облысы – 190,6 млн, Солтүстік Қазақстан облысы – 168,6 млн, Ұлытау облысы – 162 млн, Қостанай облысы – 160,9 млн, Маңғыстау облысы – 147,3 млн, Жетісу облысы – 67,5 млн, Алматы қаласы – 38,5 млн, Ақтөбе облысы – 19,4 млн, Алматы облысы – 14,6, Шымкент – 12 млн, Жамбыл облысы – 3,8 млн теңгеге ғана рубль сатып алды.

Қалай болғанда, Ресей валютасына деген сұраныс былтырғы жылдан бері қарқынды түрде құлдырай бастады. Ranking мониторинг агенттігінің сарапшылары анықтағандай, Ресей рублінің нетто-сатылымы тек бір ғана жыл ішінде бірден 68,4 есеге (!) азайып кеткен.

«Ресей рублінің нетто-саудасының көлемі рекордтық 68,4 есеге құлдырады. Егер 2022 жылдың қаңтар-желтоқсанында Қазақстанда рубльді сату мен сатып алу арасындағы айырма 281 миллиард теңгеге дейін жетсе, 2023 жылдың 12 айында бұл айырма 4,1 миллиард теңгеге дейін кеміді. Бұл қазақстандықтардың рубльден жаппай құтылып жатқанын көрсетеді», – деген тұжырым жасады сарапшылар.

Яғни, өткен жылдан бері рубльді сатып алушылардан гөрі, оны тапсырушылар көбейіп кеткен. Бұл ретте 2023 жылы оң нетто-сауда, яғни рубльді тапсырушылардан оны сатып алушылар санының басым түсуі 20 өңіріміздің тек 13-інде ғана тіркелді.

Соның ішінде ең ірі айырма, яғни айырбастау бекеттерінің сата алған ең көп көлемі тағы да Шығыс Қазақстан (13,9 млрд теңгеге асты), Қарағанды (10,1 млрд), Ақмола (6,6 млрд) облыстарында байқалды.

Өзге өңірлердегі айырбастау пункттерінде рубль «өтпейтін тауарға» айналып барады, оның қожайындары «минусқа» кетті.

Үш мегаполис тұрғындары өткен жылы Ресей валютасынан мүлдем теріс айналыпты. Нәтижесінде, үш алыбымызда рубльдің нетто-саудасының ең ірі теріс көлемдері тіркелді: Алматы қаласында кері тапсырылған рубльдің көлемі сатып алынғанынан 19 миллиард, Астанада – 14,8 миллиард, Шымкентте – 4,5 миллиард теңгеге асып түсті.

Ресей рублінің құны 2023 жылғы қаңтардағы 6,68 теңгеден 2024 жылғы қаңтарда – 5,06 теңгеге дейін құнсызданды.

Кремль 2024 жылғы 15-17 наурызда өтетін президенттік сайлауға дейін ресейлік валютаның бағамын ұстап тұруға бар күшін салып жатыр. Соған қарамастан, рубль Ресейдің өзінде де құнын жоғалтуда. Мәскеу биржасында доллардың бағамы қаңтар соңындағы 89 рубльден 25 ақпанда 93 рубльге дейін күрт көтерілді. Тек нарыққа билік араласып, бағамды кеше 92,05 рубльге дейін түсіре алды.

Ұлттық банктің төлем балансы департаментінің сыртқы секторды талдау басқармасының бас маманы, қаржыгер Бердібек Тұрабай валютаға қатысты ахуалды талдай келе, бір көңілсіз қорытындысын ортаға салды.

Қаржыгердің мәліметінше, Қазақстанда еңбек өнімділігінің өсім қарқыны Ресейден басып озды. Басқа да экономикалық көрсеткіштер еліміздің көршіге қарағанда жақсы дамып келе жатқанын көрсетеді. Мұның бәрі ұлттық валютамызды салмақты нығайтуға тиіс еді.

Экономика ғылымында мұны «Баласс-Самуэльсон эффектісі» деп атайды.

«Мұнайлық және мұнайлық емес секторлардың жиынтықты ЖІӨ-сі жөнінен де, эконометрикалық тұрғыдан да, сондай-ақ жалпы еңбек өнімділігіне құрылған талдау тұрғысынан да алып қарасақ, теңгенің тұғыры мықты. Соған қарамастан, бірнеше жылдағы үрдіске қарағанда рубльге шаққандағы теңгенің шынайы айырбас бағамы нығаю орнына, айтарлықтай әлсіреуде. Шынында, керісінше болуға тиіс еді. Сондай-ақ экономикалық теория бойынша егер теңге рубльге қарағанда әлсіресе, онда Ресейден келетін импорт қысқарып, Ресейге отандық өндірушілердің экспорты күрт өсуге тиіс еді», – деді Б.Тұрабай.

Бірақ бұл заңдылық та жүзеге аспады. Ресейден келетін импорт жоғарғы қарқынмен өсіп жатыр. Ұлттық статистика бюросының дерегінше Қазақстанның Ресейге экспорты соңғы жылдары 7-8 млрд доллардан аса алмады, ал Ресейден таситын импорты, соғыс пен санкцияларға қарамастан артып, 18 миллиард долларға жуықтады.

Бұл парадокстың бірнеше себебі бар екен.

«Ресейге біздің экспорттық жеткізілімдер көлемі де ұлғаюда, бірақ қарқыны бәсеңдеу. Салдарынан, Ресеймен арамыздағы сауда балансы үнемі дефицит аймағында қалып келеді. Бұл динамикаға бағамдық факторлар сыртында, Еуразиялық одақ аясындағы реттеудің тарифтік және тарифтік емес шаралары мен кедергілері ықпал етеді. Сонымен қатар қазақстандық өндірістің көлемі жеткіліксіз болғандықтан, өзге елдердің тауарларына қарағанда ЕАЭО елдері, бірінші кезекте, Ресей бәсекелестік артықшылыққа ие болады. Импортымызды да негізінен сол «жабады», – деді қаржыгер.


ПІКІР ЖАЗУ