Қазақтың жасанды интеллектісі неге Әзербайжан мен Тәжікстаннан қалып барады
Зерттеу көрсеткендей, Қазақстан, оның ішінде ел Үкіметі жасанды интеллектіні енгізуге дайын емес. 2023 жылға арналған Жасанды интеллектке дайындықтың жаһандық индексіне сәйкес, Қазақстан әлемдегі 193 елдің арасында 72-орынға жайғасқан.
Бұған не себеп? Жалпы алғанда еліміздің «цифрлық әлеуеті» жоғары 100 балдық шкаладан 75,68-ін алды. Деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мүмкіндігі де зор – 74,95 балл.
Бірақ әрі қарайғы көрсеткіштері тек құлдырай береді. Жасанды интеллект жұмыс істей алатын орта, инфрақұрылым тым нашар, 66,13 балдан көп емес.
Қазақстанда «Жасанды интеллектіні басқару және оны қолданудағы әдеп-этика» төмен, небәрі – 54,31 балл. Жасанды интеллектіні Қазақстанға бейімдеу көрсеткіші – 64,26 балл.
Салада маман тапшы, салдарынан еліміздегі тиісті адами капитал көрсеткіші небәрі – 38,9 балл ғана. Инновациялық әлеует құрдым шыңыраудың шетінде тұр – 37,80 балл.
Отандық жасанды интеллектінің кемелдігі жоққа тән, бар-жоғы – 16,73 балл.
Сорақысы сол, халықаралық сарапшылар Үкіметтің «Жасанды интеллекті болашағын түсінуін және стратегиясын» 0 (!) балға бағалады. «Түсінігі де, стратегиясы да жоқ» деген сөз.
«Бұл салада деректердің қолжетімділігі, цифрлық әлеует және құқықтық базаның цифрлық бизнес-модельдерге бейімделуі – Қазақстанның күшті жақтары болып табылады. Сонымен қатар нарығымызда ірі жеке технологиялық компаниялардың болмауы, венчурлық капиталдың қолжетімсіздігі, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландырудың жеткіліксіздігі – әлсіз жақтары болып табылады. Елімізде жасанды интеллекті технологиялары туралы хабардарлық та төмен деңгейде. Халық негізінен бұл технологиялардың қалай жұмыс істейтінін және оларды әртүрлі салаларда қалай қолдануға болатынын білмейді», – деп түсіндірді Цифрлық даму министрлігі.
Бұған республикада жасанды интеллектіге қатысты ғылыми технологиялық әзірлемелерге, инновациялық өнімдерге сұраныстың аздығы да ықпал етуде. Салдарынан, қазақстандық компаниялар инновацияларға инвестиция салуға және жасанды интеллект технологияларын пайдалануға дайын емес.