Батыс Қазақстан облысында жаңадан су қоймалары қашан салынады

0
63

Батыс Қазақстан облысында су қоймаларының қазіргі жағдайы қалай? Жаңадан қандай су қоймалары салынбақшы? Kazinform тілшісіне осы және өзге де сұрақтарға «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының басшысы Рауан Хұсайынов баяндап берді.

Рауан Ерланұлының мәлім еткеніндей, Президент тапсырмасына сәйкес ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Батыс Қазақстан облысы әкімі бекіткен 2024-2026 жылдарға арналған суару жүйелерін қалпына келтірудің кешенді жоспарында республикалық бюджеттің қаражаты есебінен Жалпақтал су қоймасын салу көзделген.

Оның сөзіне қарағанда, жобаны жүзеге асыру барысында Қараөзен арнасында сыйымдылығы 28,4 млн текше метр су қоймасының салынуы көршілес елден Еділ суын сатып алуға деген тәуелділікті азайтуға, 15,0 мың гектарға жуық көлдете суармаланатын жерлер мен 23 мың га жайылымдарды суландыруға және тасқын суды апатсыз өткізуге мүмкіндік береді.

«Қазіргі таңда «БҚО Казталов ауданы Ақпәтер ауылы маңындағы Қараөзенге Жайық-Көшім жүйесінен суды бассейнаралық жіберу үшін Киров-Шежін каналын қайта жаңғырту» жобасы мәресіне жетуіне байланысты Жалпақтал су қоймасының құрылысын салу суды бассейнаралық жіберу жобасын қисынды аяқтау үшін, яғни болашақта Киров-Шежін каналымен Қараөзенге берілетін суды жинақтау үшін қажет. Аталған жобаның жобалау-сметалық құжаттамасын «Уралводпроект» ЖШС әзірлеуде. Құрылыс мерзімі 2024-2026 жылдар болып белгіленген», – дейді Р.Хұсайынов.

Сонымен қатар Казталов ауданы Сексенбай ауылы маңындағы Сарыөзенде су қоймасын салу ойластырылуда. Бұл трансшекаралық Сарыөзенде тасқын суды жинақтап, санитарлық-экологиялық мақсаттар мен суландыру, сондай-ақ көлдете суармаланатын жерлерге су беру үшін керек. Бұл бағытта Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу жұмысын бастады. Келісім-шарт бойынша ТЭН құны – 1,6 млн теңге.

«Су қоймасының болжалды көлемі және құрылыс-монтаждау жұмыстарының құны ТЭН әзірленгеннен кейін белгілі болады. Су қоймасын салу жөніндегі шешім техникалық-экономикалық негіздеме аяқталған соң қабылданады», – дейді филиал басшысы.

Рауан Хұсайыновтың айтуынша, қазіргі таңда «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының су қоймалары орташа 93,2 пайызға немесе 473,0 млн текше метрге (жобалық көлемі – 507,0 млн текше метр) толтырылды.

Жайық өзенінен Жайық-Көшім жүйесіне секундына 138 текше метр шығынымен су түсуде. Жыл басынан бері жүйеге 388,0 млн текше метр су алынды. Күні бүгін су қоймаларына жиналған су көлдерге, көлтабандармен мен табиғи шабындықтарға берілуде. Ал Орал қаласында орналасқан Шаған су қоймасының деңгейі – Балтық биіктік жүйесі бойынша 30,40 метр.

Филиалдың су шаруашылығы жүйелері бойынша 90,0 мың гектардан астам көлтабандар (лимандар) мен табиғи шабындықтарға су шығарылды. Табиғи көлдерге су беру жалғасуда. Соның ішінде Жайық-Көшім жүйесінен Бірқазан (2,0 млн текше метр), Орыс Қопа (3,0 млн текше метр), Жалтыркөл (5,0 млн текше метр), Соркөл (2,0 млн текше метр), Сағырбай (3,0 млн текше метр), Қисық-Қамыс (3,0 млн текше метр) көлдеріне, сондай-ақ Сарыөзеннен – Қаңбақты (3,0 млн текше метр), Қашқар (5,0 млн текше метр), Сары Айдын (3,0 млн текше метр) және Айдын (3,0 млн текше) көлдеріне, Қараөзеннен Қамыс-Самар көлдеріне (60,0 млн текше метр) және Мұқыр өзеніне (6,0 млн текше метр) су берілді. Қазіргі таңда филиалдың су шаруашылығы нысандарында жағдай тұрақты.

Филиал басшысы биыл Ресейдегі Иреклі су қоймасынан Жайық өзеніне секундына 2 170 текше метр су жіберіліп, салдарынан Орск және Орынбор қалаларын су басқанын жеткізді.

Тарихи мәліметтер бойынша Жайық өзеніндегі су деңгейі Орал қаласы тұсында 1942 жылы – 945, 1957 жылы – 933, 1994 жылы 853 сантиметрге жетсе, биыл 22 сәуірде 865 сантиметр болды.

Айта кететін жайт, 1942 жылы аса қарқынды су тасқыны салдарынан Жайық-Көшім жүйесінің Көшім ауылы тұсындағы бас имараты және Көшім магистралды каналы істен шығып, тек 1967 жылы ғана қайта қалпына келтірілген.

«2024 жылғы тасқыннан Жайық-Көшім жүйесінің Көшім ауылы тұсындағы бас имараты және тағы да басқа су нысандарының сақталуы қамтамасыз етілді. Дегенмен «Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының теңгеріміндегі Киров-Шежін, Бударин, Первомай және Сәңкібай магистралды каналдарының арна бөгеттеріне және «Казталов ауданы Ақпәтер ауылы маңындағы Қараөзенге Жайық-Көшім жүйесінен суды бассейнаралық жіберу үшін Киров-Шежін каналын қайта жаңғыртудың IV кезеңі» нысанының қалқымалы су сорғы станциясына баратын жолға тасқын су зақым келтірді. Филиал қазіргі таңда тасқын суды таратумен қатар өз күшімен қайта қалпына келтіру жұмыстарымен де айналысуда», – деді Р.Хұсайынов.


ПІКІР ЖАЗУ