Бүгін Салтанат Нүкенова қайтыс болғанына бір жыл
Бір жыл бұрын 9 қарашада Салтанат Нүкенова қайтыс болды.
2023 жылы 8 қарашада кешке Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова Дима Биланның Астанадағы концертіне барған. Концерт кезінде олардың арасында жанжал шығып, олар концерт аяқталмай жатып, Бишімбаевтың туысына тиесілі Bau мейрамханасына барған. Онда жанжал жалғасып, физикалық күш көрсетуге ұласқан.
Іс материалдарына сәйкес, Бишімбаев Нүкенованы қорлап, сыйлықтарын және сатып алып берген киімдерін айта бастаған. Бұған жауап ретінде Салтанат зергерлік бұйымдар мен киімдерін шешіп тастап, іш киіммен қалған, бұл Бишімбаевты одан әрі ашуландырған.
Бишімбаев Нүкеноваға былапыт сөздер айтып, басын, денесін жұдырықтаған. Салтанат дәретханада тығылуға тырысқан, бірақ Бишімбаев есікті қағып, әрекетін жалғастырған. Бір кезде оның тамағынан ұстап алып, тұншықтыра бастаған, кейін Нүкенова есінен танып қалған. Осыдан кейін ол Нүкенованы VIP залдың еденіне жатқызып, өзі жанына ұйықтап қалған. Бейнебақылау камераларына түсірілген бұл оқиға экс-министрге қатысты сотта көрсетілді.
2023 жылы 9 қарашада таңертең Bau мейрамханасына жедел жәрдем шақырылған. Бұл кезде Салтанат Нүкенова қайтыс болған. Оның денесінен соққы іздері табылды.
Кейін полиция келіп, Қуандық Бишімбаев кісі өлтірді деген күдікпен ұсталды. Тергеу барысында ол туысынан бейнебақылау камераларындағы жазбаларды өшіріп тастауды сұрап, қылмыстың іздерін жасыруға тырысқаны анықталды.
2024 жылы 13 мамырда бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев асқан қатыгездікпен кісі өлтіргені және азаптағаны үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды.
Оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кетейік, бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова 2022 жылы тамызда танысқан. Сол жылы желтоқсанда олар мұсылманша неке қиған. Алайда ресми некеге отырмады.