Депутат 500 мыңнан 1,5 миллионға дейін пара сұрайтындар туралы айтты
Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев әлеуметтік саладағы жемқорлық туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Депутат жемқорлық барлық салада кездесетінін атап өтті.
«Бала дүние келгеннен бастап адам қайтыс болғанға дейінгі кезеңді жемқорлық жайлаған. Құдай сақтасын, адам өлсе, Алматыдағы таудың маңайы, «Кеңсай» зиратының маңайынан жер іздейді. Бала дүниеге келетін кезде жақсы дәрігер, перзентхана керек деп сабылады. Сосын балабақша, мектеп басталады. Бала университетке барады. Осыдан соң ол үйленіп, отбасы болады. Осы кезде оларға үй керек. Оны алу үшін үйдің кезегіне тұру қажет. Жұмысқа орналасады. Осы саланың бәрінде жемқорлық», – дейді Мұқаев мәжілісте әлеуметтік саладағы жемқорлық туралы өткен отырыста.
Мәжіліс депутатына Қызылорда облысы мен Шымкент қаласының тұрғындарынан көп хат түседі екен.
Мысалы, жай ғана еден жуушы болып жұмысқа орналасу үшін 500 мың теңге сұрайды. Мұғалімдердің ставкасы 1-1,5 млн теңге болып кеткен. Ондай хаттар өте көп», – дейді депутат.
Айтуынша, ол хат иелеріне Антикорға хабарласуға кеңес береді.
«1424 нөмірін де беремін. Енді сол 1424-ке хабарласқанда, алгоритм қалай жұмыс істейді? Антикор не істейді, түсіндіріп беріңізші», – деп сұрады Мұқаев Антикор өкілінен.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметінің басшысы Саян Ахметжановтың айтуынша, 1424 нөміріне тәулік бойы хабарласуға болады.
«Осындай факті нақты болса, оның арызы тіркелуі керек. Ол адам арыз жазуы керек. Жай айта салуға болмайды. Бұл талдау емес, қылмыстық іс болып саналады. Осыған сәйкес жедел тергеу жүргізу шарт. Мұндай жағдай анықталса, қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталады. Оған еш күмән болмау керек. Ондай ақпарат түссе, толық жауап беруге дайынбыз», – деді Ахметжанов.
Осы орайда депутат Мұқаев Антикор өкілінен хабарласқан адамның анонимділігіне кепілдік беріле ме деп сұрады. Өйткені, айтуынша, көп адам қорқады.
«Анонимді факті болса, ондай жағдайда біз фактіні талдауға аламыз. Мұны кім айтты, дерек қайда тіркелді, қай мемлекеттік орган, ол мектеп пе, балабақша ма? Оны анықтауға болады. Алайда қылмыстық істі қозғау үшін арызданушы болуы керек», – деді Ахметжанов.