Елдің келесі президенті кім болады? – саясаттанушылар болжамы

0
296

2022 жылғы сайлауда бір реттік мерзімге сайланған Тоқаевтың өкілеттігі 2029 жылы аяқталады. Биліктің ауысуына белсенді дайындықты бастауға әлі ерте. Дегенмен Stan.kz тілшісі қазақстандық саясаттанушылардан Қазақстанды келесі кім басқаруы мүмкін екенін сұрап білген.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев келесі президент билік партиясының кандидаты, жеткілікті тәжірибелі саясаткер болуы керек екенін алға тартады.

Әлеуметтік желіде Қасым-Жомарт Тоқаевтың ізбасарлары болуы мүмкін деген шағын пікірталас болды. Мемлекет басшысы 2022 жылы бір 7 жылдық мерзімге сайланды, яғни 2028 немесе 2029 жылы президент сайлауы өтуі керек. Логикалық тұрғыдан алғанда, билік партиясының кандидаты, жеткілікті тәжірибелі саясаткер (әкім әрі министр ретінде де тәжірибесі мол), қоғамда жеткілікті танымал және құрметті, харизмасы бар, ешқандай дау-дамайға қатысы жоқ адам болуға тиіс, – деді Данияр Әшімбаев.

Оның айтуынша, қалай болғанда да президенттің келешек үміткерді таңдауға әлі көп уақыты бар.

Былайша айтқанда, тізім бара-бара қысқара береді. Бүгінде дәл осы өлшемдерге Ерлан Қошанов, Қанат Бозымбаев және сол айтылып жүрген Иманғали Тасмағамбетов сай келеді. Алғашқы екеуі Тоқаевтың командасына кіреді және жалпы оның бағытын жалғастырады. Дегенмен қалай болғанда да президенттің келешек үміткерді таңдауға әлі көп уақыты бар, – деп түсіндірді Данияр Әшімбаев.

Саясаттанушы Ербол Еділов те президенттікке кімдер кандидат болуы мүмкін екенін айтып көрді. Ол қазіргі Үкімет басшысын, Сыртқы істер министрін кандидаттар тізімінен көруге болады деп отыр.

Бұл қатарға қазіргі Үкімет басшысы Олжас Бектеновті, премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді айтуға болады. Президент әкімшілігінің басшысы, мемлекет басшысының кеңесшісі секілді кісілерді атап өте аламыз, – деді Ербол Еділов.

Оның айтуынша, қазір елімізде инвестиция және экономика жағынан қарқынды жұмыстар іске асырылып жатыр.

Қазіргі президенттің бағытын ұстайтын адамды айту әлі ерте. 2029 жылға дейін әлі қанша уақыт бар. Біз қайда асығып жатырмыз? Осы уақыт аралығында «жаңа фигуралар» шығуы мүмкін. Енді мемлекет басшысының командасындағы жақтастарының бірі болатыны анық, – деді Ербол Еділов.

Алайда саясаттанушы Ғазиз Әбішев қазіргі президент өзінің саяси бағытын жалғастыруға ұмтылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы өзіне қолайлы болуы үшін үшінші президент ретінде мұрагерін тағайындайды. Ол кандидаттың қолында айтарлықтай экономикалық, қаржылық, саяси, әкімшілік, бюрократиялық, идеологиялық ресурстар болуы әбден мүмкін. Демек негізгі сценарийлердің бірі – сабақтастық. Бұл өткір саяси күресті жоққа шығармайды. Күшті оппозициялық кандидат та шығуы мүмкін. Қазіргі жағдайдың түбегейлі өзгеруі де ықтимал. Президенттікке үміткер 45-68 жас аралығындағы қазақ азамат болуға тиіс. Қазірдің өзінде жауапты саяси қызметте жүрген, ана тілін жетік меңгерген. Сонымен бірге қазіргі президенттің одақтасы және бюрократиялық, қаржылық, әлемдік элитаға қолайлы ымырашыл тұлға болуы керек. Бірақ алдын ала тон пішіп, кім болатынын нақты айту қиын, – деді Ғазиз Әбішев.

Коллаж: tengrinews.kz



ПІКІР ЖАЗУ