Елеусіз қалды деген Нариман Құрбанов қазір 2 пәтер мен 2 көлік иеленіп отыр

0
121

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарынан жүлдемен оралған алматылық спортшыларды марапаттады. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ерболат Досаев Олимпиаданың күміс жүлдегері – гимнаст Нариман Құрбановты, қола жүлдегерлер – дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев пен боксшы Назым Қызайбайды және нысана көздеуден сайысқа түскен мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаевты жетістіктерімен құттықтады.

Ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен алматылық спортшылардың Қазақстан қоржынына көп медаль салғаны қуантады. Талант, табандылық және еңбекқорлықтың арқасында сіздер маңызды да тарихи жеңіске қол жеткізіп, халықтың ыстық ықыласына ие болдыңыздар, әлемдік спорттың дамуына үлес қостыңыздар. Сіздер сүйікті ісіңіз бен туып-өскен еліңізге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісісіздер, – деді әкім.

Содан кейін Ерболат Досаев Нариман Құрбановқа екі бөлмелі, ал Ғұсман Қырғызбаевқа, Назым Қызайбайға, Александра Ле мен Ислам Сәтбаевқа бір бөлмелі пәтердің сертификатын табыстады. Сонымен қатар, спортшыларға 5 және 4 миллион теңгеден ақшалай сертификаттар және жаңа автокөліктердің кілті берілді. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге, Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер сыйланды.

Олимпиадада ел намысын қорғаған барлық алматылық спортшы мен бапкерлер құрамы ақшалай сертификаттармен марапатталды. Кездесуде олимпиадашылар алматылықтар мен бүкіл Қазақстан халқының қолдауын сезінгенін, жарыс кезінде жігерін жанып, жеңіске жетелегенін айтты. Сондай-ақ олар қала басшысы Ерболат Досаевқа назардан тыс қалдырмай, әкімдік тарапынан көңіл бөлгені үшін алғыс білдірді.

Еске сала кетсек, 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында алматылық спортшылар 1 күміс және 3 қола жүлде жеңіп алған болатын.

Фото: Алматы қаласының әкімдігі



ПІКІР ЖАЗУ