Елімізде Орман қорын күзету және қорғау қызметі құрылды

0
62

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау аясында ҚР Үкіметі табиғи өртке қарсы іс-қимыл жүйесін нығайту жұмыстарын жалғастырып жатыр.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Орман қорын күзету және қорғау қызметін құру туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі жанындағыжаңа Республикалық азаматтық қорғау қызметі ТЖ кезінде, оның ішінде орман өрттерін сөндіру барысында орман шаруашылығы мекемелерінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Орман өрттеріне қарсы іс-қимыл ормандарды көбейтуге және ағаштарды кесуге ғылыми тәсілді, сондай-ақ кешенді алдын алу шараларын қабылдау мен тиісті құзыреттерді дамытуды қажет етеді. Бөлек қызмет құру қажеттілігі осындай талаптардан туындап отыр. Орман қорын күзету және қорғау қызметінің құрылуы мемлекеттік органдардың алапат орман өрттеріне қарсы күрес шараларын үйлестіруін жақсартуға, тиісті мекемелерді техникамен және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді арттыруға, сондай-ақ табиғи өрттердің алдын алу және сөндіру үшін білікті кадрлар құрамын жасақтауға мүмкіндік береді деп жоспарланған.

Айта кету керек, қазіргі уақытта Қазақстанда 15 республикалық азаматтық қорғау қызметі бар.

Олар еліміздегі тіршілікті қамтамасыз ететін институттардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге арналған. Олардың қатарына Өрт сөндіру қызметі, Медициналық қызмет, Химиялық қорғау қызметі, Инженерлік қызмет, Радиациядан қорғау қызметі, Ұлттық гидрометеорологиялық қызмет және т. б. жатады.


ПІКІР ЖАЗУ