Ерлан Нығматулин қамауға алынды
Әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Парламент Мәжілісінің экс-спикері Нұрлан Нығматулиннің інісі алаяқтық жасады, салық пен кедендік төлемдерді төлеуден жалтарды, қаржыны жылыстатты деген күдікке ілінді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұған дейін Мәскеу адвокаттар алқасының адвокаты Мәулен Әлімбаев Мәжілістің бұрынғы спикері Нұрлан Нығматулин мен оның егіз інісі Ерланның рейдерлік әрекеттерге қатысты қылмыстық іс бойынша айыпталушы ретінде танылғанын хабарлаған болатын.
Тамыз айында өткен баспасөз мәслихатында ол қылмыстық істің желісі екі ірі кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков пен Ерлан Нығматулиннің қарым-қатынасында екенін түсіндірген. Істі Антикор тергеп жатыр және ол осы жылдың сәуір айында басталған. Ерлан Нығматулин рейдерлікпен Сұлтанбековке тиесілі демалыс орнын тартып алған.
2012 жылы Е.Нығматулинмен болған жанжалдан кейін балқаштық кәсіпкер Қуат Сұлтанбеков түрмеге жабылып, жалпы 21 жылға бас бостандығынан айырылған, оның 10 жылын өзі өтеген.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулин мен інісі Ерлан Нығматулиннің тергеуге алынғанын жазған болатынбыз. Бұл мәліметті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растаған.
www.kznews.kz