Геологиялық барлау жұмыстарына үздік әлемдік тәжірибені енгізу керек

0
81

Тоқаев Алматыдағы «Ғылым ордасы» орталығында ғалымдармен кездесті. Кездесу барысында Президент біздің ғылым мен білім дәуірінде өмір сүріп жатқанымызды атап өтті. Қазақстанның гүлденуі үшін біз осы салаларды дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз керек.

«Жаңартылатын энергия көздерін қарқынды дамыту жағдайында экономиканы әртараптандыруға баса мән беру керек. «Жасыл» сутегі өндірісінде әлеуетіміз мол. Қазірдің өзінде бұл салада серпінді жобаларды жүзеге асыру көзделген.

Мұнай химиясында дәстүрлі пластик және жаңа материалдар сияқты қосымша құны жоғары өнімдер шығаруды жолға қою қажет. «Жасыл» экономиканың дамуы аккумулятор өндірісіне қажетті сирек және сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырады. Мысалы, сарапшылардың бағалауынша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу үшін ғасыр ортасына қарай Еуропаға қазіргіден 35 есе көп литий қажет болады. Бізде осы және өзге де металдардың мол қоры бар. Геологиялық барлау жұмыстарының ауқымын кеңейтіп, бұл салаға үздік әлемдік тәжірибені енгізу қажет.

Машина жасау бағытының болашағы зор. Елімізде көлік құрастыратын бірқатар кәсіпорын жұмыс істейді. Жергілікті өндірістің үлесін және технологияның импортын арттыру керек»,- деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кетейік, 31 мамырда Мемлекет басшысы Алматыға ұшып келіп, оны мегаполис әкімі Ерболат Досаев қарсы алды. Президент әуежайдың жаңа терминалында болды. Терминалдың ашылуы қарсаңында Мемлекет басшысына құрылыс барысы туралы баяндалып, тіркеу, шекаралық және кедендік бақылау аймақтары, багаж бөлімшесі таныстырылды.

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылыми зиялы қауым өкілдерімен, бизнес топтарымен, бірқатар халықаралық ұйымдардың басшыларымен кездесулері жоспарланған.


ПІКІР ЖАЗУ