ИНВЕСТИЦИЯ ӘЛЕУЕТІ АРТА ТҮСТІ

0
72

 

Алматы облысына алдағы үш жылда 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Оның жартысы шетел инвестициясы болады деген болжам бар. Өңірде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру үшін 4 индустриялық аймақ құрылды. Өндірістік инфрақұрылымды дамыту және негізгі капиталға инвестициялар тарту мақсатында «Alatau» арнайы экономикалық аймағының аумағы 30 мың гектардан 96 мың гектарға дейін кеңейді. Алматы облысында 2030 жылға дейін жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 127 ірі жоба жүзеге асырылады.

Оның ең негізгілері агроөндірістік кешен, өңдеу өнеркәсібі мен ЖЭК, логистика, туризм, сауда, шағын және орта бизнес салаларын қамтиды. Өңірде биыл құны 473 млрд теңге болатын 55 жоба жүзеге асады. Сол арқылы 5 мың жаңа жұмыс орны құрылады. Ерлан Қойшыбаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы: – 2023 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша өңірге өңдеу саласына 279 млн АҚШ доллары тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл жалпы тартылған шетел инвестицияларының 44 пайызын құрайды. Оның сыртында 2023 жылдың қорытындысы бойынша өңірге 705 млрд теңге негізгі капиталға инвестициялар тартылды. Енді биылғы жылы 2024-2026 жылдары үш жылдың ішінде өңірге 4,1 триллион теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.

«Alatau» арнайы экономикалық аймағының аумағы 30 мың гектардан 96 мың гектарға дейін ұлғайды. Бұл облыстың қолда бар аумақтық әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді және инвесторлардың жер телімін рәсімдеуін едәуір жеделдетеді.

Жәнібек Сауырбек, «Alatau» арнайы экономикалық аймағының бас директоры: – Президент Жарлығымен құрылған Алатау қаласы болашақта облыс орталығы Қонаев пен алып шаһар Алматының арасындағы экономикалық драйверге айналады. 96 мың гектар жерді алып жатқан арнайы экономикалық аймаққа Гонконг, Сингапурды немесе батыстың өлшемімен алсақ, Берлин қаласын сыйғызып жіберуге болады. 2037-2039 жылдары Алатау қаласындағы халық саны екі миллион адамға жетеді. Онда 100 мыңнан астам жаңа жұмыс орыны ашылады. Ерлан Қойшыбаев, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы: – Бұл экономикалық аймақтың қазіргі күнде 16 приоритетті өндіріс салуға мұршасы бар. Енді онымен тоқтап қалмай мына жер көлемінің ұлғаюына байланысты ол приоритетті түрлерін қазіргі күнде одан да үлкейтуге, яғни, 45 түрлі өндіріс салуға қазіргі күнде үлкейтіп жатыр. Еңбекшіқазақ ауданында биыл вольфрам зауыты іске қосылады.

Оңтүстік Кореяның темекі өндірісімен айналысатын алпауыт компаниялары мен АҚШ-тың чипсы өндіретін кәсіпорындары Алматы облысы аумағында жұмыс істеуге қызығушылық білдірген. Өңірге инвестиция тартуда туризм саласындағы жобаларға да айрықша басымдық беріледі. Қазір «Ойқарағай» демалыс орнының инженерлік желілері тартылуда. Ол 2025 жылы пайдалануға беріледі. Тағы бір айта кететін жаңалық, алдағы уақытта Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылынан көршілес Қытай Халық Республикасына туристерді жаяу өткізуге арналған пункт ашылады. Қазір екі ел арасында осы мәселеге байланысты келіссөз жүріп жатыр.


ПІКІР ЖАЗУ