Исламбек Салжанов «Феррари» дизайнерін нағыз бәйгені көруге шақырды

0
89

Астанада өтіп жатқан VI Nobel Fest халықаралық фестивалі аясында ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов әлемге әйгілі авто-дизайнер Фрэнк Стивенсонға «Аламан бәйге» картинасын сыйға тартты, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.

Картина авторы – отандық суретші Ерлан Айтуаров.

Исламбек Салжановтың сөзінше, сыйлық кездейсоқ таңдалмаған.

«5 мың жыл бұрын ата-бабамыз, яғни көшпенді жылқы жануарын бірінші болып ерттеп мініп, бүкіл адамзат өркениетінде серпіліс жасады. Міне, осы сәттен бастап жылқы ең жылдам әрі негізгі көлік құралына айналды. Бұл – тарихтың бағытын өзгертті. Жылқыны алғаш қолға үйреткен – қазақ даласы. Сіз дизайнын жасаған Ferrari көлігінде ат бейнеленген эмблема бар. Сізге тарту еткен картинада Аламан бәйге бейнеленген. Ол – қазақтың ұлттық ат жарысы. Бірнеше мәрте чемпион болған Формула-1 сияқты темір тұлпар жарысының бастауында осы аламан бәйге тұр деп айтуға болады. Сізді 2024 жылы қыркүйекте Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырамын», – деп түйіндеді сөзін Исламбек Салжанов.

Ал өзіне сыйланған сыйлықты Фрэнк Стивенсон жоғары бағалайтынын, заманауи шығармашылықты шабыттандыруда тарихтың маңызды екенін айтты. Дизайнер Исламбек Салжановқа өнер туындысы мен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына шақырғаны үшін алғысын білдірді.

Айта кетсек, Исламбек Салжанов – қазақстандық кәсіпкер, меценат, Қазақстан ұлттық спорт қауымдастығының президенті. Ал Фрэнк Стивенсон – Ferrari F430, Ford RS Cosworth, BMW X5, жаңа MINI, Maserati MC12, Fiat 500, McLaren автомобильдерінің әлемге әйгілі дизайнері.


ПІКІР ЖАЗУ