Үкімет Екібастұз ЖЭО-ны одан әрі жаңғыртуға резервтен 3,4 млрд теңге бөледі

0
433

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Екібастұз ЖЭО-ны одан әрі жаңғыртуға Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы қаулыға қол қойды. Аталған жұмыс Мемлекет басшысының республикадағы ТКШ инфрақұрылымын кешенді қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде атқарылып жатыр.

Сонымен Екібастұз ЖЭО-ның төрт (11-15) қазандық агрегатын (2,4 млрд) күрделі жөндеуге және сол жерде тұндырылған су магистралін (988 млн) салу үшін Павлодар облысының бюджетіне 3,4 млрд теңге сомасындағы қаражат аударылады.

Бұл шаралар жылу көзінің үздіксіз жұмыс істеуіне, төтенше жағдайлар туындау қаупін азайтуға, тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, Екібастұз қаласының әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін береді. 

Бүгінде Екібастұз ЖЭО – қаланы орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін бірден-бір нысан. Өткен жылы Үкімет резервіндегі қаражат есебінен 5 су жылыту қазандығы мен жылу желілеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту маусымы еш іркіліссіз өтті.

ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов биыл наурыз айында Павлодар облысына жұмыс сапары барысында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларының инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртуды жалғастыру қажеттігін айтқан болатын.

Атап айтқанда, Екібастұз ЖЭО-да күлден гидравликалық тазартуға арналған тұндырылған су беру жүйесі 1986 жылы орнатылды. Оның құрамына кіретін құбырлар тозды, бұл тұтынушыларға жылу беруді шектеуі мүмкін. Осыған байланысты тұндырылған судың жаңа магистралін салу басым міндеттердің бірі болып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Үкімет резервінен Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларының жылу көздерін жаңғыртуға 16 млрд теңге, Риддер жылу желілерін күрделі жөндеуге 2,4 млрд теңгеден астам және Көкшетау қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінген болатын.

Жалпы, биыл Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Өскемен, Қарағанды, Ақтау, Тараз, Петропавл, Жезқазған, Ақтөбе, Степногорск, Рудный, Балқаш және басқа да қалаларда энергия блоктарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеу жоспарланып отыр. 

  Жылу көздерін жаңғырту және жылу беру маусымына дайындық жұмыстары Үкіметтің бақылауында.

 


ПІКІР ЖАЗУ