Үкімет шетелдік еңбек мигранттарының елге келуіне кең жол ашып жатыр

0
73

 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдіктердің ықтиярхатты алуын жеңілдетіп, елде еркін тұруына мүмкіндік беру үшін сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне өзгерістер енгізуге кірісті.

Осы мақсатта ведомство «Шетелдіктердің Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат алуы үшін сұранысқа ие кәсіптердің тізбесін және оны қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 20 ақпандағы №49 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы» жаңа бұйрық жобасын әзірледі.

Еңбекмині бұл қадамға Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің ұсыныстарына орай барып отырғанын нақтылады.

«Бұл тізімге денсаулық сақтау, жаратылыстану ғылымдары, өңдеу өнеркәсібі, IT-технологиялар, инновациялар, аэроғарыш өнеркәсібі және басқа да салалардағы мамандықтар кірді. Салалық меморгандар ұсынған өзгерістер мен толықтыруларды ескере отырып, тізбеде сұранысқа ие барлығы 51 кәсіп қарастырылады. Тізбеде көрсетілген мамандықтары бар шетелдіктер ішкі істер органдарында тұруға ықтиярхатты оңайлатылған тәртіппен ресімдей алады. Тұруға ықтиярхат 10 жылға не оның шетелдік паспортының қолданылу мерзіміне беріледі», – деп түсіндірді ведомство.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың мәліметінше, елімізде тұрақты тұруға жеңілдетілген тәртіппен рұқсат ала алатын кәсіп иелерінің тізімі салмақты кеңейтілгелі тұр.

Атап айтқанда, Үкімет көрші елдерден және әлемнің әр түкпірінен бұрынғылары сыртында, келесі мамандық иелерін де қуана, құшақ жая қарсы алатын болады.

Медицина саласында:

Анестезиолог-реаниматолог;
Дәрігер акушер-гинеколог;
Дәрігер-педиатр;
Сәулелік диагностика дәрігері.
Цифрлық даму, инновациялар салаларында:

Бағдарламалық қамтылымды әзірлеуші;
Бағдарламалық өнімдерді қолдау жөніндегі маман;
Мобильді қосымшаларды әзірлеуші;
Компьютерлік ойындарды әзірлеуші;
Жасанды интеллект жөніндегі инженер;
Үлкен деректермен жұмыс жөніндегі маман;
Ақпараттық жүйелер сәулетшісі;
Қосымшалар бағдарламашысы;
АКТ саласындағы бизнес-талдаушы;
Бағдарламалық қамтылым дизайнері;
АКТ жобаларының менеджері;
Ақпаратты қорғау жөніндегі инженері;
Бұлтты есептеу жөніндегі маманы;
Автоматтандыру жөніндегі инженер;
Web-әзірлеуші;
Бағдарламашы-талдаушы;
АКТ саласындағы ЖОО оқытушысы;
Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман;
Сервер әкімшісі;
Қосымшалар әзірлеушісі;
Ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі маман.
Креативті индустрия саласында:

Графикалық дизайнер;
Графикалық анимация технигі;
Суретші-иллюстратор;
Дыбыс инженері;
Бейнемонтажер.
А.Сарбасовтың сендіруінше, бұл жерде ішкі еңбек нарығындағы жағдай ескеріліпті. Бұл қадам «2024 жылға арналып бекітілген Еңбек, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі жұмыс жоспарына сәйкес келеді». Ведомство өзге мүдделі мемлекеттік органдармен ақылдасқанын алға тартады.

Алайда шетелдіктерге ұсынылатын кәсіптер тізбесінің екі еседен арттыққа күрт кеңейтілуі сарапшылар арасында пікірталас туғызды.

Еңбекминінің Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) дәйектеуінше, 2030 жылға қарай мамандары үлкен сұранысқа ие болатын және кадр тапшылығы күшейетін салаларға медицина, медициналық күтім қызметтері, ІТ, креативті индустрия, STEM кәсіптері, логистика мен тасымал сервистері, ірі кәсіпорындардың басқарушылары және басқалары жатады. Тізбе трендтер негізінде жаңартылып, толықтырылған көрінеді.

Мысалы, IT-мамандарға сұраныс ұсыныстан бірнеше есе асып түседі. Салдарынан, сарапшылардың байламынша, бұл сала кадрларының жетіспеушілігі 4-ші өнеркәсіптік революцияда, өндірістер мен жұмыс орындарын автоматтандыруда, жасанды интеллектіні енгізуде қолбайлау болып, елдің адымын аштырмайды.

Gartner халықаралық консалтинг компаниясы дайындаған «Жаңа технологиялардың жол картасында» сұрау салынған 437 жаһандық компанияның ақпараттық технологиялар басшылары таланттардың жетіспеушілігін «жаңа технологияларды енгізудегі ең үлкен кедергі» деп атады.

Бізге жақын тұрған Еуропалық Одақ елдерінде 2030 жылға қарай қосымша 11 миллион IT маманына мұқтаждық туындайды. Еуропа мен АҚШ қазірдің өзінде қазақстандық білікті мамандарды қызықтырып, дәл бір алып шаңсорғыштай өзіне тартып алуда. Бұлай бара берсе, Қазақстанда маман қалмай, сала тақұл-тұқыл, пұшайман күйге түседі.

Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, қазірдің өзінде елімізде ІТ-кадрларға деген жыл сайынғы қажеттілік шамамен 30 мың адамды құрайды. Өйткені бұл сектор – ауқымы да, сұранысы да еселеп өсіп келе жатқан нарықтарға жатады. Сол себепті, ел Үкіметі білікті мамандар елімізге келуі үшін олардың тұрақты тұруға рұқсат алуын жеңілдетуге баруда.

Белгілі IT маманы Әсем Нұрғалиеваның айтуынша, Қазақстанда қажетті мамандар бар, бірақ олар өте аз.


ПІКІР ЖАЗУ