Аида Балаева Қауіпсіздік Кеңесіне ауысты
Аида Балаева Қазақстанның Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Жаңа кадрлық шешім туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлім етті.
«Мемлекет басшысының Жарлығымен Аида Ғалымқызы Балаева Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды», – делінген ресми хабарламада.
Жаңа қызметіне дейін ол үкімет құрамында болды. 2025 жылдың 1 желтоқсанынан қазіргі уақытқа дейін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі лауазымын атқарды. Оған дейін 2023 жылғы 2 қыркүйектен бастап Мәдениет және ақпарат министрі болды.
Аида Балаева кім?
Аида Балаеваның орталық аппараттағы тәжірибесі мол. Ол 2022-2023 жылдары Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2020-2022 жылдар аралығында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін басқарды.
Оған дейін де Ақордада жауапты қызметтер атқарған. Нақтырақ айтқанда, 2014-2019 жылдары Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімін басқарды. Кейін 2019-2020 жылдары Президенттің көмекшісі – Өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болды.
Елорда әкімдігіндегі еңбек өтілі де ұзақ. 2008-2010 жылдары Астана қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы қызметін атқарды. Одан кейін 2010-2014 жылдары Астана қаласы әкімінің орынбасары болды.
Еңбек жолының алғашқы кезеңі Алматы өңірімен тығыз байланысты. 1999-2002 жылдары Алматы облыстық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасында жетекші маман, бас маман және бөлім бастығы болып жұмыс істеді.
Кейін қалалық құрылымдарға ауысты. 2002-2004 жылдары Алматы қалалық ақпарат және қоғамдық келісім басқармасының Талдау және қоғамдық-саяси үрдістерді үйлестіру бөлімін басқарды.
2004 жылы Алматы қаласы бойынша ақпарат басқармасының Талдау және болжау бөлімінің бастығы болды. Дәл осы жылы аталған басқарма бастығының орынбасары лауазымына тағайындалып, онда 2005 жылға дейін еңбек етті.
Бұдан соң ішкі саясат саласына бет бұрды. 2005-2006 жылдары Алматы қаласының ішкі саясат департаменті директорының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2006-2008 жылдары осы департаментті тікелей өзі басқарды.
Аида Балаева екі жоғары оқу орнын тәмамдаған. 2000 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін «Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде заңгер дипломын алды.
Еңбегі үшін бірнеше мемлекеттік марапатқа ие болған. 2010 жылы «Құрмет» орденін, 2016 жылы «Парасат» орденін алды. Сондай-ақ 2024 жылы Өзбекстанның «Достық» орденімен марапатталды.
Соңғы жаңалықтар