Астанада мас күйде көлік тізгіндеген судья ұсталды
Астана қаласында азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы Әсел Қасқарбайқызы Досаева мас күйінде көлік басқарды деген күдікке ілінді. Ол мінген Mazda маркалы автокөлікті патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатқан, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Жүргізілген сараптама судьяның қанында алкоголь барын растады. Оқиғадан кейін көлік дереу айып тұрағына жіберілді. Қазіргі уақытта осы дерек бойынша тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Астана қалалық соты бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді. Сот өкілдері Қазақстан Конституциясына сәйкес судьяларды ұстаудың ерекше тәртібі бар екенін еске салды. Осыған байланысты Әсел Досаева қамауға алынбаған.
«Конституция бойынша судьяны ұстау үшін белгілі бір рәсімдер қарастырылған. Сондықтан судья ұстала алмайды», – делінген соттың хабарламасында.
Астана қаласының Полиция департаменті жүргізушіден алынған сараптама нәтижесі бойынша алкогольдік масаң күй анықталғанын нақтылады. Ведомство өкілдері мас күйде көлік басқару заңды өрескел бұзу болып саналатынын және айналадағы адамдардың өміріне қауіп төндіретінін ескертті. Олар мұндай деректердің заңнама аясында қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді.
Әсел Қасқарбайқызы Досаева - 1984 жылы Ақмола облысында туған. 2006–2021 жж «Целиндорстрой» ЖШС-нің бас маманы, «Қазтеміртранс» АҚ-ның бас маманы, сарапшысы, бөлім бастығы, менеджері. 2021 жылдан бастап Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының судьясы болып жұмыс істеген. 2025 жылдың қаңтар айында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы атанған.
Соңғы жаңалықтар