Астанада судьяның мас күйде ұсталғаны ресми расталды
Ішкі істер министрлігі Астана қаласында судьяның мас күйде көлік басқарғаны туралы ақпаратты ресми түрде растады, деп хабарлайды POLITICO.KZ.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде полиция қызметкерлері Mazda көлігін тоқтатқаны, оның жүргізушісі судья екені және ол мас болғаны туралы мәлімет тараған болатын. ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 1 қараша күні шамамен таңғы сағат 04:30-да "Хан Шатыр" сауда ойын-сауық орталығының маңында болған.
Полиция тоқтатқан "Mazda-6" көлігінің тізгінінде азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясы болғаны анықталды. Әлеуметтік желідегі алғашқы деректерде оның есімі Әсел Қасқарбайқызы Досаева екені айтылған.
Тексеру барысында әйел-судьяның алкогольдік масаң күйде болғанымен қоса, оның жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кеткені де белгілі болды.
ІІМ осы дерекке қатысты жиналған барлық материалдар Бас прокуратураға жолданғанын мәлімдеді. Енді Бас прокуратура судьяны заңмен белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тарту мәселесін қарау үшін Жоғарғы Сот Кеңесіне ұсыныс енгізетін болады.
Әсел Қасқарбайқызы Досаева - 1984 жылы Ақмола облысында туған. 2006–2021 жж «Целиндорстрой» ЖШС-нің бас маманы, «Қазтеміртранс» АҚ-ның бас маманы, сарапшысы, бөлім бастығы, менеджері. 2021 жылдан бастап Маңғыстау облысы Маңғыстау аудандық сотының судьясы болып жұмыс істеген. 2025 жылдың қаңтар айында Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы атанған.
Соңғы жаңалықтар