Мұрат Баймұқашев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы болды

05.09.2026 12:31 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Мұрат Баймұқашев Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының басшысы болды
501
Фото: Ақорда

Ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Мұрат Баймұқашев Қазақстанның Қауіпсіздік кеңесі аппаратының басшысы қызметіне тағайындалды. Тиісті шешімді президент қабылдады.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Мұрат Қалибекұлы Баймұқашев Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратының Басшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген Ақорданың хабарламасында.

Жаңа басшы бұған дейін Қауіпсіздік кеңесі хатшысының орынбасары қызметін атқарған.

Мұрат Баймұқашев кім?

Мұрат Қалибекұлы 1967 жылы 23 мамырда Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында дүниеге келген. Оның үш жоғары білімі бар. Қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик, ал Қарағандыдағы ҰҚК жоғары мектебін заңгер мамандығы бойынша бітірген.

Сондай-ақ Ресей президенті жанындағы халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында оқыған. Онда мемлекеттік басқару ісінің магистрі атанды.

Ол еңбек жолын 1994 жылы Талдықорған және Ақмола облыстарында жол автоинспекторы болып бастаған. Одан кейін 2009 жылға дейін Ішкі істер министрлігінде бөлім бастығы, кадр жұмысы департаментінің басшысы сияқты түрлі қызметтер атқарды.

Кейін Бас прокурордың ерекше тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі болды. Одан соң он жыл бойы Премьер-министр кеңсесінің қорғаныс және құқық тәртібі бөлімінде басшылық орындарда жұмыс істеді.

2020 жылдың наурыз айында ІІМ Әкімшілік полиция комитетіне жетекшілік етті. Артынша 2021 жылы ішкі істер министрінің орынбасары қызметіне тағайындалып, бұл орында бір жылға жуық еңбек етті.

Одан кейінгі жылдары Қауіпсіздік кеңесі хатшысының бірінші орынбасары және орынбасары лауазымдарында болды.

Мұрат Баймұқашев 2013 жылы «Құрмет», ал 2020 жылы «Айбын» ордендерімен марапатталған. Оған 2021 жылы полиция генерал-майоры атағы берілді. Ол аға әділет кеңесшісі шенін иеленген.

Войдите, чтобы оставить комментарий