Непалдағы жойқын селден кейін қазақстандық турист іздестіріліп жатыр
Непалда жүздеген адамның өмірін қиған жойқын су тасқыны мен селден кейін қазақстандық турист іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды Politico.kz.
Mash арнасының мәліметіне сүйенсек, Ресей, Қазақстан және Латвиядан келген 7 адам гидпен бірге тауда жаяу жорыққа шығуы керек болған. Алдын ала ақпарат бойынша, қазақстандық әйел туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өтіп кеткен.
Бұл жағдайға байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі түсініктеме берді.
«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Қазақстан азаматшасы туристік топ құрамында Непалдан Қытайға шекара арқылы өткен. Азаматшамыздың қайда екені әзірге белгісіз. Хабар-ошарсыз кеткендерді іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстандық дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен арадағы жұмысты жалғастыруда», – деді министрліктен тілшімізге.
Непалдағы сұмдық тасқын
Непал полициясы мен Табиғи апаттар қаупін азайту жөніндегі ұлттық басқарма қайғылы оқиғаның себебін атады. Ресми мәлімет бойынша, Қытаймен шекарада тау мұздығы опырылып, арты көшкінге ұласқан. Ол жергілікті өзендердің арнасын бөгеп тастаған. Осының салдарынан су, балшық және тастар шекара бекетін толығымен шайып кетті. Сонымен қатар тұрғын үйлер, жолдар, көпірлер мен бірнеше су электр станциясы қирады.
Непал билігі 270 адамның қаза тапқанын растады. Ал бүкіл ел бойынша және көршілес Тибетте хабар-ошарсыз кеткендер саны 1300 адамнан асты. Олардың қатарында қасиетті биік тау көлдеріне бет алған жүздеген шетелдік турист пен тағзым етуші бар. Қазіргі кезде ауқымды іздестіру-құтқару операциясына 5 мыңнан астам әскери қызметкер мен авиация жұмылдырылды. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін мобильді госпитальдар құрылып жатыр.
Соңғы жаңалықтар