Қазақстанда әлеуметтік көмек қысқармайды: Бектенов маңызды мәлімдеме жасады

Қазақстанда әлеуметтік көмек қысқармайды: Бектенов маңызды мәлімдеме жасады
Фото: Үкімет

Қазақстанда әлеуметтік көмек беру тәртібі өзгергенімен, мемлекет шын мәнінде мұқтаж азаматтарды қолдауды тоқтатпайды. Жәрдемақылар толық көлемде сақталады. Ал тұрмысы жақсы адамдарға берілетін көмектің кейбір түрлері қайта қаралмақ. Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік саладағы өзгерістерге қатысты Үкіметтің ұстанымын түсіндірді, деп хабарлайды Politico.kz.

Үкімет басшысы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау саласын цифрландыру мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында әлеуметтік көмекті кімдер алуы керек, азаматтардың тұрмыс жағдайы қалай бағаланады және мемлекеттік қаржының мақсатты жұмсалуы қалай бақыланады деген мәселелер қаралды.

Олжас Бектенов Қазақстанның әлеуметтік саясаттан бас тартпайтынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан бұған дейін де әлеуметтік бағдарланған мемлекет болды және солай болып қала береді. Біз әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мұқтаждық пен атаулылық қағидатына көшіруді көздейтін ауқымды реформаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл ретте өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті қолдауды толық көлемде ала береді. Мұқтаж азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары толық көлемде сақталады. Халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу және кездесулер өткізу кезінде осы мәселеге ерекше назар аудару қажет», – деді Премьер-министр.

Жәрдемақы кімдер үшін өзгереді?

Үкіметтің түсіндіруінше, әлеуметтік төлемдерді қайта қарау ең алдымен тұрмысы жақсы азаматтарға қатысты болмақ.

Қазір Қазақстанда әлеуметтік жәрдемақының 36 түрі бар. Соның 14 түрі бойынша әл-ауқаты жоғары азаматтарға қатысты өзгерістер қарастырылған. Ал қалған 22 түрі бұрынғы тәртіппен төлене береді.

Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға шынымен мұқтаж азаматтар үшін қолданыстағы көмек көлемі мен оны алу тәртібі сақталмақ.

Әлеуметтік көмек әділ бөлінуі үшін азаматтардың тұрмыс деңгейі «Отбасының цифрлық картасы» арқылы бағаланады. Бұл жүйеге 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден 20 миллионнан астам адам мен 6,2 миллион үй шаруашылығы туралы мәлімет жинақталған.

Алайда адамның жағдайын тек электронды мәліметтерге қарап бағалау жеткіліксіз. Сондықтан әкімдіктер отбасылардың нақты тұрмыс жағдайын қосымша тексереді.

Әсіресе әл-ауқаты жоғары санатқа енгізілген отбасыларға қатысты мәліметтер қайта қаралып жатыр. Мұндағы мақсат – азаматтардың тұрмыс деңгейін дұрыс анықтау және оларды тиісті санатқа әділ бөлу.

Премьер-министрдің тапсырмасымен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанынан құрылған жұмыс тобы өңірлерді аралап, азаматтарға өзгерістерді түсіндіруде.

Бір миллионға жуық отбасының тұрмысы жақсарған

Кеңесте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев пен вице-министр Бахтияр Жазықпаев әлеуметтік саладағы цифрлық жүйелерді таныстырды.

Министрлік дерегінше, 2025 жылы 480 355 мұқтаж отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, олар әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Ал 2026 жылдың басынан бері тағы 464 158 отбасы осы санатқа өткен.

Үкімет өңір басшыларына көмекке мұқтаж азаматтарды өздері өтініш бергенше күтпей, алдын ала анықтап, қолдау көрсетуді тапсырған.

Бұл тек жәрдемақы төлеумен шектелмеуі тиіс. Азаматтардың жұмысқа орналасуына, білім алуына, жеңілдетілген несие рәсімдеуіне және өз кәсібін ашуына жағдай жасау көзделген.

200-ден астам адам жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан

Үкімет әлеуметтік көмекті қажет етпейтін азаматтарға жәрдемақыдан өз еркімен бас тартуды да жеңілдетпек.

Министрліктің хабарлауынша, SMS хабарламалар жіберілгеннен кейін 200-ден астам адам әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін айтып, жәрдемақы алудан бас тартқан.

Енді осы мүмкіндікті eGov Mobile қосымшасына енгізу жоспарланып отыр. Жаңа қызмет арқылы тұрмысы жақсы азаматтар мемлекеттік мекемелерге бармай-ақ, жәрдемақыдан онлайн бас тарта алады.

Сонымен қатар азаматтардың өз отбасының әл-ауқат деңгейін анықтауына мүмкіндік беретін арнайы есептеу құралы жасалмақ. Ол қажетті мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелерден автоматты түрде алуы тиіс.

Олжас Бектенов бұл құралды халыққа барынша ыңғайлы етуді тапсырды. Сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейлі банктерді «Отбасының цифрлық картасына» қосуды жеделдету міндеті жүктелді.

Әлеуметтік көмектің 66 түрі қайта қаралған

Жергілікті әкімдіктер көрсететін әлеуметтік көмекті ретке келтіру жұмыстары да жүріп жатыр.

Бұған дейін әр өңірде бөлек жүргізілген 66 әлеуметтік қолдау шарасы тексерілген. Соның ішінде орталық және жергілікті деңгейде бірін-бірі ішінара қайталайтын 38 шара оңтайландырылған.

Ал қалған 28 шара бүкіл елге ортақ талаптармен тағайындалатын 13 негізгі бағытқа біріктірілген.

Енді азаматтың өтініш берген сәтінен бастап, ақшаны нақты алғанына дейінгі барлық кезең Бірыңғай цифрлық платформада бақыланады.

Жүйе қанша адамның көмек алғанын, қандай төлемдерге сұраныс барын және жергілікті бюджеттен қанша қаржы жұмсалғанын көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл бір көмектің қайталанып төленуіне жол бермеуге тиіс.

Платформа арқылы өтініш қабылдау биыл маусымда басталған. Содан бері жалпы сомасы 2,5 миллиард теңгеден асатын 55 мыңнан астам өтініш түскен. Оның ішінде 1,8 миллиард теңгеден астам қаржыға қатысты өтініштер мақұлданған.

Қазір бұл платформа «Отбасының цифрлық картасымен» біріктіріліп жатыр.

Премьер-министр Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен бірлесіп, мемлекеттік қолдау шараларының барлығын осы платформада есепке алуды тапсырды.

99 мың кәсіпорын бақылауда

Цифрландыру тек жәрдемақымен шектелмейді. Үкімет жұмысшылардың еңбек құқықтарының сақталуын да арнайы жүйе арқылы бақылауды күшейтпек.

Қазір «Еңбек тәуекелдерінің цифрлық картасы» арқылы кемінде 10 қызметкері бар 99 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты бақылауға алынған.

Жүйе кәсіпорындардың қаржылық жағдайын, әлеуметтік көрсеткіштерін, еңбек қатынастары мен жұмыс қауіпсіздігін қамтитын 80-нен астам көрсеткішті талдайды.

Нәтижесінде 2 792 кәсіпорында еңбек заңнамасын бұзу қаупі жоғары, тағы 3 137 кәсіпорында орташа екені анықталған.

Анықталған мәселелердің қатарында міндетті жарналар мен аударымдарды кешіктіру, еңбекақы мөлшеріндегі сәйкессіздіктер, ең төменгі жалақыға қатысты талаптарды сақтамау және еңбек заңнамасын бұзудың өзге де белгілері бар.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осындай тәуекелдер анықталған жағдайда қандай шара қолданылатынын белгілеу және оның нәтижесін бағалау тапсырылды.

Әлеуметтік көмекті тағайындауға жасанды интеллект те араласады

Үкімет атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін де пайдаланбақ.

Мәселен, компьютерлік көру технологиясы учаскелік комиссиялардың қорытындыларын азаматтардың үйіне қайта бармай-ақ салыстырып тексеруге мүмкіндік береді.

Министрліктің мәліметінше, бұл технология арқылы 183 мыңнан астам өтініш өңделген. Жүйенің дәлдігі 89 пайыздан асады.

Дегенмен жасанды интеллект азаматқа жәрдемақы беру немесе бермеу туралы түпкілікті шешім қабылдамайды. Ол тек ұсыныс жасайды. Ал соңғы шешім заңда белгіленген тәртіппен қабылданады.

Премьер-министр мұндай технологияларды енгізген кезде азаматтардың жеке деректерін қорғау және ақпараттық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.

«Мемлекет басшысы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жаппай цифрландыруды жүзеге асыру және жасанды интеллектіні кеңінен енгізуді тапсырды. Бұл әлеуметтік-еңбек саласы үшін, әсіресе жүргізіліп жатқан реформа аясында ерекше маңызды. Біз қолдау шараларының ашық есебін жүргізіп, олардың нақты түпкілікті нәтижесін бағалауды қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басты міндеті», – деді Олжас Бектенов.

Үкімет басшысы барлық цифрлық жүйенің өзара байланысып, сенімді деректерге сүйеніп жұмыс істеуін талап етті. Оның айтуынша, жаңа технологиялардың нәтижесі ең алдымен азаматтарға көрсетілетін нақты көмектен көрінуі керек.

Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Фото: Үкімет
Фото: Үкімет

 

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу