Қазақстанда жаңа саяси партия құрылғалы жатыр

15.04.2026 15:48 Арман Ермеков
Қазақстанда жаңа саяси партия құрылғалы жатыр
720
Фото: «Әділет» партиясының ұйымдастыру комитеті

Елімізде жаңа Конституцияның талаптарын қатаң сақтауды көздейтін «Әділет» атты жаңа саяси ұйым құрылатыны туралы бастамашыл топ ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Politico.kz.

Бүгін 15 сәуірде бір топ белсенді азамат бірігіп жаңа партияның құрылатынын жеткізді. Егер бұл ұйым ресми тіркеуден өтсе еліміздегі сегізінші саяси партия болуы мүмкін.

Бастамашылардың айтуынша жаңа партия прогрессивті реформаларды қолдап қана қоймай заң үстемдігін нығайтуға және шешім қабылдау ісіне қарапайым халықтың қатысуына жағдай жасамақ. Бұл туралы ұйым өкілдері өз мәлімдемесінде атап өтті.

Олардың басты мақсаты осы жылдың 15 наурызында өткен референдумда қабылданған жаңа Конституция ережелерінің мүлтіксіз орындалуын қадағалап азаматтардың құқығын қорғау болып табылады. Ұйым прогрессивті жастарды және түрлі сала мамандарымен қатар қала мен ауыл тұрғындарын бір арнаға тоғыстыруды көздеп отыр.

«Біз экономикасы қуатты, баршаға кең мүмкіндік беретін және әлемдік қоғамдастықта абыройлы да беделді, Әділетті мемлекет құру және оны нығайтуға мүдделі барлық азаматтардың күш-жігерін біріктіргіміз келеді», – деп мәлімдеді бастамашылар.

Партия құндылықтары ретінде әділдік пен патриотизмді және еңбекқорлықты ту еткен азаматтар кландық бөлінуді жойып тәуелсіз сот жүйесін құруға және экономикалық тұрақтылыққа басымдық беретінін жеткізді. Сонымен қатар жаңа партия өз жоспарларын жүзеге асыру үшін азаматтық қоғам өкілдері мен сарапшылармен тығыз жұмыс істеуге ниетті.

16 сәуірде бастамашы топ Әділет министрлігіне тіркеуге дайындық рәсімін бастау үшін арнайы өтініш жіберіп жақын арада партияның құрылтай съезін өткізуді жоспарлап отыр.

Жаңа саяси ұйымды құру туралы мәлімдемеге Гүлзира Атабаева, Ренат Бектуров, Қарлығаш Жаманқұлова, Динара Зәкиева, Рауан Кенжеханұлы, Замира Кузиева, Лаура Қарабасова, Айғазы Құсайынов, Андрей Лаврентьев, Нұрбек Матжани, Бөріхан Нұрмұхамедов, Аят Сүгірбай, Мұхамедқали Тауан, Ирина Тен, Марат Шибутов және Ләззат Шыңғысбаева сынды 16 адам қол қойған.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий