Қазақстандықтардың 17 млрд теңге айыппұлы кешіріледі

30.05.2026 15:30 Қарақат АСЫЛОВА
Қазақстандықтардың 17 млрд теңге айыппұлы кешіріледі
203
Елімізде 1 миллион айыппұлға амнистия жарияланады

Қазақстанда алдағы әкімшілік амнистия аясында ІІМ желісі бойынша азаматтардың 17 миллиард теңгеден астам айыппұлы есептен шығарылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Амнистия 15 мемлекеттік органның құзыретіне кіретін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 263 бабын қамтиды. Оған азаматтар, жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ нотариустар, адвокаттар және жеке сот орындаушылары секілді жеке практикамен айналысатын тұлғалар қатыса алады.

Жобаға сәйкес, 2026 жылғы 17 наурыз сағат 24:00-ге дейін жасалған құқық бұзушылықтар бойынша төленбеген әкімшілік айыппұлдар кешіріледі.

ІІМ мәліметінше, бұл шара халық пен кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтып, олардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған. Ведомство желісі бойынша ғана шамамен 1 миллион әкімшілік айыппұл амнистияға ілігеді.

Алайда амнистия барлық құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Ол заңсыз қару мен есірткі айналымына, мас күйінде көлік жүргізуге, қарсы жолаққа шығуға, жүргізуші куәлігінен айыруға әкелетін өрескел жол ережесі бұзушылықтарына, сондай-ақ қайталанған құқық бұзушылықтарға қатысты жүрмейді. Сонымен қатар сот қарайтын істер де амнистиядан тыс қалады.

Войдите, чтобы оставить комментарий