Тоқаев пен Герцог: Астана мен Иерусалим арасындағы жаңа стратегиялық кезең басталды

27.04.2026 20:28 Арман Ермеков
Тоқаев пен Герцог: Астана мен Иерусалим арасындағы жаңа стратегиялық кезең басталды
60
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Израиль президенті Ицхак Герцог Ақордада шағын құрамда кездесу өткізіп, екіжақты қарым-қатынас пен Таяу Шығыстағы бейбітшілік мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Politico.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев мәртебелі мейманмен жүздескеніне қуанышты екенін жеткізіп, екі ел арасындағы байланыстың іргетасын қалауға оның әкесі әрі Израильдің бұрынғы басшысы Хаим Герцогтың ерекше еңбек сіңіргенін еске алды. Президенттің сөзінше 1992 жылдан бері қос мемлекет достық қарым-қатынас орнатып, саяси және экономикалық бағытта үлкен табысқа жеткен.

«Еліміз Ибраһим келісімдеріне қосылу туралы шешім қабылдады. Бұл қадам Таяу Шығыс елдері мен Израиль арасындағы қарым-қатынастың қалпына келуіне Қазақстанның да үлес қосуға дайын екенін көрсетеді. Бүгін біз өзара экономикалық байланыстарымызға қатысты көптеген мәселені талқылаймыз. Өйткені екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор. Бұл мүмкіндікті мейлінше пайдалану керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Ицхак Герцог 1993 жылы Қазақстанға келген әкесінің ізін жалғап Ақордаға табан тірегеніне дән риза екенін айтты. Ол қазақ жерінің табиғаты мен мәдениеті туралы көп естігендіктен мұнда үнемі келгісі жүретінін жасырмады.

«Менімен бірге өзара серіктестігімізге, әсіресе, жоғары технологиялар саласындағы ықпалдастыққа тың серпін беретін сарапшылар келді. Әлем жаңа дәуірге қадам басқан кезеңде елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті орасан зор», - деді Израиль басшысы.

Сондай-ақ шетелдік мейман Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылуы мен Бейбітшілік кеңесінің жұмысына араласуын толық қолдайтынын жеткізді.

Бұл қадамдар екі ел арасындағы жоғары саяси сенім мен ынтымақтастықты кеңейтуге деген қызығушылықты дәлелдеп, Қазақстанның сындарлы дипломатия алаңы ретіндегі мәртебесін одан әрі нығайта түспек.

Google News

Следите за нашими новостями в Google News

Подписаться
Войдите, чтобы оставить комментарий