Мағзұм Мырзағалиев: «Біздің басты байлығымыз мұнай емес – адамдарымыз»
«Адамдар – Өзеннің жаңа мұнайы». Жаңаөзен қаласының кәсіподақ өкілдері 7-8 қазан күндері Ақмола облысы Зеренді демалыс аймағында дәл осы тақырыпта өткен жиында бас қосты. Келелі кездесуде мұнайшылар «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясының басшылығымен жолығып, түйткілді мәселелердің түйінін тарқатты.
«Қазмұнайгаз» бастамасымен кәсіби біліктілікті арттыру тренингі ретінде өткен екікүндік жиында кәсіподақ ұйымдарының белсенділері ҚМГ басшылығына «Өзенмұнайгаз» компаниясындағы өзекті мәселелер жайлы баяндап, оны шешу жолдары мен жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Әңгіме барысында өндіріспен қатар, жұмысшылардың кәсіби біліктілігін, еңбек пен тәртіп өнімділігін арттыру секілді тақырыптар да қозғалды.
«Біздің басты байлығымыз мұнай емес – адамдарымыз. Жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, кәсіби біліктілігін арттыру, білімін тереңдету, басын біріктіріп, ауызбіршілігін нығайту – компанияның басты міндеттерінің бірі. Біз бетпе-бет жүздесіп, өзекті мәселелерді ашық талқылап, сенімді диалог орната білдік. Мұндай еркін, бейресми кездесулерді тұрақты түрде өткізетін боламыз», – деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев.
Тұмса табиғатымен мақтанатын Зерендіде өткен екікүндік жиын ұлттық компания басшылығы мен жұмысшылар арасындағы диалогты одан әрі нығайтуға, сенім мен ашықтыққа негізделген байланыстың беки түсуіне мүмкіндік берді. Бұл туралы кездесуден кейін «Өзенмұнайгаз» жұмысшыларының жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің №1 мұнай-газ өндіру басқармасының кәсіподақ өкілі Әлібек Сәрсенов баяндап берді.
«Дәл осындай бейресми жолдастық кездесулер адамдарды шынымен жақындастырады. Бүгінгі жиынның нәтижесінде «ҚазМұнайГаз» басшылығы мен Жаңаөзен қаласының кәсіподақ өкілдері түйткілді мәселелерде ортақ келісімге келіп, өзара сенімді қарым-қатынас орнатты. Ал тренингке келер болсақ, еңбек жанжалдарын тиімді шешудің жаңа дағдыларын игеру тұрғысынан құнды ақпарат алдық», – деді жаңаөзендік маман.
Семинар соңында кәсіподақ өкілдері Жаңаөзен қаласынан 50 оқушы білім алып жатқан High School of Burabay мектеп-интернатына барды. Оқушылар жерлестерін үлкен ықыласпен қарсы алып, Бурабай курортында орналасқан еліміздегі ең таңдаулы мектептердің бірінде оқу туралы әсерлерімен бөлісті.
Еске салсақ, биыл «Жарқын болашақ» жобасымен жаңаөзендік оныншы сыныптың 50 оқушысы мектеп-интернатына оқуға түскен болатын. «Өзенмұнайгаз» АҚ бастамасы «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асты. Жоба бойынша Жаңаөзен қаласының дарынды балалары еліміздің үздік арнаулы орта білім беру мекемелерінде тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Екі күндік кездесуге ӨМГ бас директоры Мақсат Ибағаров, ӨМГ құрылым басшылары, кәсіподақ төрағасы мен ӨМГ кәсіподақ ұйымдарының (10 мың мүше) көшбасшылары, сондай-ақ «ҚазГӨЗ» ЖШС кәсіподақ төрағасы қатысты.