Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сингапур көптеген салада өзара тиімді ықпалдастық жасай алады деп санайды
Климаттың өзгеруімен күрес, су ресурстарын басқару және жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету әрекеттері осы санатқа жатады.
– Қазақстанның Алматыда Орталық Азия елдерінің климат және жасыл энергетика мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін ашу бастамасы бұл мәселелерді шешуде елеулі рөл атқара алар еді. Біз сондай-ақ 2026 жылы БҰҰ аясында Өңірлік климат саммитін өткізуді жоспарлап отырмыз. Климат дағдарысына себепші болатын да, алдымен оның зардабын тартатын да – су саласы. Әлемде 2 миллиардтан астам адамның таза ауызсуға қолы жетпей отыр. Осы ретте мен Су экономикасы жөніндегі жаһандық комиссияның тең төрағасы ретінде көшбасшылық танытқаны үшін Президент Тарман Шанмугаратнамға ризашылығымды білдіремін. Ол биылғы БҰҰ конференциясы шеңберінде Қазақстан мен Франция ұйымдастыратын One Water Summit жиынына елеулі үлес қосатынына сенімдімін, – деді Президент.