Мемлекет басшысы ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеаламен кездесті
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Нгози Оконджо-Ивеалаға ілтипат білдіре отырып, Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымымен ынтымақтастықты кеңейтуге айрықша мән беретінін атап өтті.
Мемлекет басшысының айтуынша, күшейіп келе жатқан жаһандық протекционизм мен сауда шектеулеріне қарамастан, Қазақстан экономикасы ашық ел ретінде өз позициясын нығайта түсуге ұмтылады. Қазіргі кезде біз әлемнің 180 елімен сауда-саттық жасаймыз. Соңғы үш жылда еліміздің сыртқы саудасының көлемі 53 пайызға ұлғайып, 160 миллиард долларға жетті.
Президент жуырда Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қойғанын жеткізді. Бұл құжат әділ бәсекені күшейтуге, кәсіпкерлік еркіндікті сақтауға және мемлекеттің экономикадағы үлесін азайтуға бағытталған.