Мемлекет басшысы Финляндия және Гвинея-Бисау президенттерімен кездесті
Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясына қосылушы тараптардың 29-шы конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Финляндия Президенті Александр Стуббпен кездесу өткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Финляндия – Қазақстанның Солтүстік Еуропа аймағы мен тұтас Еуропа Одағындағы сенімді әрі уақыт тезінен өткен серіктесі.
Мемлекеттер басшылары екіжақты қарым-қатынасты, атап айтқанда, сауда-экономика және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды одан әрі дамытуға бейіл екенін жеткізді. Сонымен қатар фармацевтика, өнеркәсіптік машина жасау және инженерия сияқты салаларда фин компанияларымен бірлесе қолға алған жобалардың табысты жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.
Бұдан бөлек, тараптар халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, сондай-ақ көпжақты құрылымдар аясындағы ықпалдастық жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Финляндияның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету ісіне табыс тіледі.
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Финляндия президенттері бір-біріне сапармен баруға келісті. Бұл сапарлар Астана мен Хельсинки арасындағы саяси және экономикалық серіктестікті нығайтуға тың серпін береді.
Сондай-ақ БҰҰ климаттың өзгеруі жөніндегі 29-шы конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбаломен кездесу өткізді.
Президент Гвинея-Бисау елін Қазақстанның Африка құрлығындағы маңызды серіктестерінің бірі ретінде атап өтіп, екі ел арасындағы достық байланыс пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бейіл екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан – ашық әрі бейбіт саясат ұстанатын және аймақтағы ең ірі экономикасы бар ел. Сондай-ақ ол қос мемлекеттің арасындағы серіктестіктің перспективасы мол деп санайды.
Мемлекет басшысының пікірінше, Қазақстан мен Гвинея-Бисау географиялық тұрғыдан қашық орналасқанына қарамастан, ауыл шаруашылығы, логистика және ақпараттық-коммуникациялық технология салаларында ықпалдастықты дамытуға мүмкіндігі бар.
Өз кезегінде Умару Сисоку Эмбало екіжақты қарым-қатынастың әлеуетін талқылауға мүмкіндік жасағаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Умару Сисоку Эмбалоны өзіне қолайлы уақытта Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.