Мемлекет биылғы жазда әрбір әшекей мен зергерлік бұйымды бақылауға алады

0
63

Сарапшылардың айтуынша, Еуразиялық одақтың нарығы қазақстандық таңбасы бар жалған зергерлік бұйымдарға толып кетті. Бұл жерде қазақстандық таңбасы (клеймо) да жалған. Бірақ бұл республиканың беделіне дақ түсіреді, өйткені ЕАЭО елдері бір-бірінің сынама таңбаларын өзара тануға уағдаласқан.

Қазақстан зергерлері лигасының президенті Қайсар Жұмағалиевтің айтуынша, республика асылтастарға ұқсас тастар, алтынға ұқсас бұйымдар еркін сатылатын нарыққа айналып кетті. Бұған не себеп?

«Бірінші кезекте, бізде бағалы металдар мен тастардың заңсыз айналымы үшін жаза барынша жұмсақ. Одақ елдерінің ішінде бізде ғана әкімшілік жауапкершілік қарастырылған және құқық бұзушылық заттары тәркіленбейді. Қырғызстанда, Ресейде, Арменияда, Беларусьте негізінен қылмыстық қудалау қолданылады», – деді сарапшы.

Қазақтар қаптаған той-томалағында алтын бұйымдарын таратуға әуес. Сонымен бірге базарлардан оның ең арзанын іздейді. Нарық та осыған бағдарланады. Мысалы, сатушылар түрік пен орыс алтынын үлкен көлемде тасиды, соның ішінде әр жерге тығып, контрабандамен де әкеледі. Олардың сынамасы таңбасына сәйкес келе бермейді.

Сарапшылардың байламы тіксінтеді. Қазақстанда әрбір 10 әшекейдің 9-дан астамы – жалған немесе контрабандалық өнім.

Республикада құнды бұйымдарды шекарадан рәсімдемей алып өту үшін 30 АЕК (2024 жылы 110 760 теңге) айыппұл көзделген. Бірнеше миллион теңгені алтын заттар сатып алуға жұмсауға ауқаты жететін адам немесе бизнесмен үшін айыппұлды төлей салу қиын да емес.

Қазақстан зергерлері лиғасының мәліметінше, отандық нарықтағы зергерлік бұйымдардың 90%-дан астамы (99 пайыз деген санды да айтып жүр) – контрабандалық, контрафакт өнімдер және олардың сапасы да нашар болуы мүмкін. Айталық, қазақстандықтар арасында кең танымал 585 сынамасы шынында 300-ші немесе 400-ші сынамадағы төмен сапалы зат, тіпті жай ғана алтын жалатылған алюминий өнім болып шығуы мүмкін.

Себебі, айналма жолдармен әкелінген бұйымдар сынамалау процедурасынан өтіп, таңбалана бермейді.

Лиганың дерегінше, сондай-ақ елде астыртын цехтар жұмыс істейді: олар тауарға оның қазақстандық, түркиялық, ресейлік немесе италиялық екенін көрсететін жалған таңба басып береді.

Салдарынан оны сатып алған азаматтар құндылыққа қол жеткізу орнына, қоқыр-соқырмен қалады. Кейбір адам маңдай тер, табан ақымен тапқан жинағына алатын алтын бұйымды ұрпағына табыстауға немесе инвестициялық құрал ретінде сақтауға ынтығады. Ақырында босқа алданады.

Бұл мемлекетке де шаш-етектен шығын әкеледі. Алыпсатарлар әрбір қымбат әшекей үшін салық төлемейді. Сауда орталығындағы немесе жабық базардағы орны үшін ғимарат иесіне төлем төлеумен шектелуі ықтимал.

Олар заңсыз, кейде жалған өнімін арзанға бұлдап, нарықтың адал қатысушыларын шаң қаптырып кетеді. Әр тауарын рәсімдейтін кәсіпкерлер бәсекеде оңбай жеңіліп, жабылудан басқа амалы қалмайды.

«Нарықты жалған бұйымдардан арылту мақсатында» ел Үкіметі 2024 жылғы 1 шілдеден бастап, бағалы металдардан және асыл тастардан жасалған барлық зергерлік бұйымдарды міндетті цифрлық таңбалауға көшеді.

Бұған дейін мұндай таңбалау 2022 жылғы 1 наурыздан 2023 жылғы 31 қазан аралығында пилоттық жоба ретінде әрі ерікті түрде жүргізілді. Биылғы жаздан бастап, жаппай әрі міндетті форматқа ауысады.


ПІКІР ЖАЗУ