Назарбаев ресми басылымнан бұрын шетелдік БАҚ-қа сұхбат берді
Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздіктен кейін Азаттық радиосы және басқа да бірнеше шетелдік баспасөзге, кейіннен ресми басылымға сұхбат берді. Совет одағы ыдыраған соң екі ай өткенде Ресеймен ортақ әскер, ортақ валютадан дәмеленген ол халықтың әл-ауқатын көтеру және демократия жолымен даму жайлы айтқан.
Алғаш президент болып сайланғанына екі ай толған Нұрсұлтан Назарбаев Азаттық радиосына, кейін ресми басылымға берген сұхбаттарында не айтты, неден мүдірді? Сол кездегі саяси оқиғалар сипаты мен саяси сарапшының пікірі қандай?
ШВЕЙЦАРИЯДА ДЕМОКРАТИЯ ЖАЙЛЫ АЙТЫЛДЫ
1992 жылғы 31 қаңтар – 4 ақпан аралығында сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Швейцарияға сапарлап, Давос экономикалық форумының 22-отырысына қатысқан еді. Бұл Назарбаевтың балама кандидатсыз өткен алғашқы жалпыхалықтық президент сайлауынан кейін және Тәуелсіздік жариялағаннан бергі алғашқы ауқымды іс-шараларды қамтыған сапары болатын.
Қазақстан басшысы ел Тәуелсіздік алғанға дейін де Азаттыққа сұхбат беріп жүрген.
1992 жылы ақпанда Азаттық радиосының қызметкері Өмірхан Алтын Швейцарияда Қазақстан президентінін алған сұхбат алдын ала жоспарланбаған. Назарбаев Азаттық журналисіне сұхбат берген кезде Қазақстан нарық экономикасына енді қадам басып жатқан еді.
Баға ырқына жіберіліп, ел қымбатшылық кернеген алғашқы айларды өткеріп жатқан. Сол кезде президент Назарбаев Азаттыққа берген сұхбатында мынандай жайларға тоқталған.
«Давосқа дүние жүзінің бизнесмендері, көп мемлекеттердің басшылары мен үкімет басшылары келіп жатыр. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін көп елдер бізбен жұмыс істегісі келіп жатыр. Бұл – үлкен жетістік. Бір уақытта бірнеше мемлекет басшыларымен кездесу мүмкін емес. Ал Давоста осы мүмкіндікті пайдаланып, көптеген адамдармен кездестік. Әсіресе, банк басшылары мен бизнесмендермен жүздесіп, олардың болашақта Қазақстанда атқаратын істері жөнінде келістік», – деген Назарбаев 1992 жылғы сұхбатында.
Қазақстан президенті Тәуелсіздікті жариялау мен нағыз тәуелсіздікке жету үшін едәуір уақыт қажет болатынын, көп жұмыс атқарылуға тиіс екенін айтқан.
«Біз көптеген ғасырлардан кейін тарихымызда бірінші рет тәуелсіздігімізді алып отырмыз. Нағыз тәуелсіз болу үшін экономикамызды, оның құрылымын жөндеуіміз керек, Қазақстандағы байлықтың барлығын халықтың қажетіне жарату керек, әл-ауқатын түзеу керек», – деген Назарбаев Қазақстанның бірден дербес әрекет ете алмайтынын айтады.