Оралда аса ірі көлемде пара алған құрылыс бөлімінің басшысы сотталды
БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Орал қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы Арман Өксікбаевқа қатысты үкім шықты, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, А.Өксікбаев ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, 11 жылға бас бостандығынан, сондай-ақ мемлекеттік қызметте лауазым атқару құқығынан өмір бойына айырылған.
Оның сыбайласы, «Сырласу» ЖШС жүргізушісі Александр Нағметов ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 28-бабы 5-бөлігі, 366-бабы 4-бөлігіне сәйкес 8 жылға сотталды.
Сотталушылар жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болады.
Сот талқысында мәлім болғанындай, А.Өксікбаев Орал қаласы құрылыс бөлімінің басшысы қызметін атқара жүріп, делдал А.Нағметов арқылы 2020 жылдың қазанынан 2021 жылдың 11 қазанына дейін ЖШС директоры Ш-дан алдын ала келісілген 170 миллион теңгенің 134 миллион теңгесін алған. Бұл пара қосалқы мердігер «Б» ЖШС-ның жұмыс көлемін алып, жалпы құны 2 миллиард теңгеден асатын екі тоғыз қабатты үй құрылысы бойынша орындалған жұмыстардың актілеріне А.Өксікбаевтың кедергісіз қол қойғаны үшін берілген.
Сотталушылар өздеріне қатысты емес мән-жайлар бойынша қылмыстық іс-әрекеттерін аяғына дейін жеткізе алмаған.
А.Өксікбаев кінәсін мойындаған жоқ.
Сотталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, әңгімелерінің стенограммаларымен, тінту хаттамаларымен, оқиға орнын қараумен, сот сараптамалары қорытындыларымен толықтай дәлелденді.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.