Парламентшілер Қазақстанға тіл тигізген РФ Дума депутатының мәлімдемесіне жауап берді

0
113

ҚР Парламент Сенатының халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айгүл Құспан Ресей Мемлекеттік Думасы депутаты Константин Затулиннің мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Депутат Затулиннің рейтингі төмендеген кезде, ол арандатушылық мәлімдемелер айтып бастайды. Бұған дейін де бірнеше рет осылай болған. Біріншіден, екінші деңгейлі банктердің бәрі жеке меншік саналады. Сондықтан қандай банк картасымен жұмыс істеу пайдалы екенін, қолайлы болтатынын өздері шешеді. Екіншіден, Мир картасы төңірегінде шу мен жанжал көп болды. Ақша тыныштықты жақсы көреді. Сол себепті депутат уайымы мен наразылығын өзі сияқтылардың арқасында қиын жағдайға тап болған өзінің банк жүйесіне сақтасын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Ал Айгүл Құспан ойдан құрастырылған қазақ ұлтшылдығы мен өзге де ұлтшылдық тәмсілдер арқылы «саясаткерлер» Ресейдің мүддесіне нұқсан келтіретіндерін атап өтті.

«Өкінішке қарай, осындай депутаттардың кесірінен таяу шетелдегі Ресейдің достастық бейнесі озбырлық, тәкаппарлық және надандықпен ұштасады. Затулиннің мәлімдемесін негізсіз айыптау деп қабылдаймыз. Әскери міндеттілерді ішінара жұмылдыру жөнінде жарияланғаннан кейінгі алғашқы тәуліктің өзінде Қазақстанға 10 мыңға жуық Ресей азаматы келді. Билік те, жергілікті халық та оларға кедергі келтіріп жатқан жоқ. Бұл біздің елде «русофобия» жоқ екенін көрсетеді»,—деді ол.

Бұған дейін ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс жөніндегі комитеттің төрағасы Константин Затулин Қазақстанның Ресейге қатысты дұрыс емес жолға түскенін айтқан еді. Сондай-ақ ол алдағы уақытта екі ел арасындағы қарым-қатынас шиеленіссе, Қазақстанның тәуелсіздігі қауіпті жағдайда болатынын атап өтті.

www.adyrna.kz


ПІКІР ЖАЗУ